Жаңалықтар

Құланда тоңазытқыш шығарылуда

Жуырда Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов әлеуметтік желідегі парақшасында жергілікті кәсіпкердің тоңазытқыш шығарып жатқанын сүйіншілеп жазды. «Жақсыны көрмекке» деген ниетпен ерекше жобаны қолға алған кәсіпкердің кім екенін білуге, жақынырақ танысуға тырыстық.

«Туған жерге туыңды тік!» демекші, жеке кәсіпкер Қуандық Өтеғұловтың Т.Рысқұлов ауданынан «MOOZTAU» атты тоңазытқыш цехын ашқанына көп болмапты. Негізі кәсібін 2022 жылы Алматы қаласынан ашқан Қуандық кіндік қаны тамған жерден де өз ісін дөңгелетуге ниетте. – Бәрі белгілі бір себеппен басталады ғой. Кәсіпкерлікке бала күнімнен жақын болдым. Ауылда шағын дүкеніміз болатын. Әлі есімде, ішінде ескі тоңазытқыш тұратын. Жұмыс істеп тұрғанынан бұзылғаны көп еді.


Қуандық Өтеғұлов 1983 жылы 10 қазанда Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 18 жылға жуықтапты. Көкдөнен ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепті тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша білім алған. Бала күнінен-ақ кәсіпкер болуды ойлаған кейіпкеріміз бастапқыда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде екі жыл, «BI Group» құрылыс компаниясында 11 жыл жұмыс істепті. – Тоңазытқыш – температурасы қоршаған ортаның температурасынан төмен болатын, жоғарғы температурада микроорганизмдер әсерінен жылдам бұзылатын азық-түлік өнімдері мен тағамдарды сақтауға арналған құрылғы. Тоңазытқыштың түрі көп. Тұрмыстық, сөрелік деген секілді. Біздің өндіретініміз – дүкендерге, тауарларға арналған түрі. Болашақта үлкен зауытты іске қосып, мұздатқыштың, тоңазытқыштың түр-түрін шығарамыз деп отырмыз. Шикізаттың бәрі шетелден әкелінеді.


Қуандықтың жары Индира Әбиірбекқызы да кәсіпкер. Ол Алматыда ойыншықтар дүкенінің иесі. Екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр.Цех әзірге екі жерде орналасқан. Алматы қаласындағы цехта 5 адам, Құланда 6 адам жұмыспен қамтылған. «MOOZTAU» тоңазытқыштары бұл күні Қазақстанның барлық өңіріне тасымалдануда. 3 метрлік, 9 метрлік, яғни тапсырысқа сай етіп жасалынады. Тіпті құрып, орнатып береді. Халықтың алғысына бөленген Қуандық әр істің басы-қасында өзі жүреді. Сенбегендіктен емес, жауапкершіліктің мықтылығынан. 12 айға сапа кепілдігін ұсынады. Электр энергиясын үнемдейтін тоңазытқыштары 520 мың теңгеден басталып, шаршы метріне қарай миллионға дейін бағаланады. Қазақстан бойынша жеткізу тегін. Тапсырыс берушінің қалауымен шаршы метрі, ұзындығы, ішкі купе орны, бәрі есептеледі. Бөліп төлеу де, несие де қарастырылған.Сала таңдау – салмақты шешім. Немесе дұрыс сала – табыстың кілті десек болады. Сұрай беретін емес, бере білетін Қуандық сынды кәсіпкерлеріміздің ісіне береке тілейміз. Тоңазытқыш шығарып, табысын еселеп отырғаны, туған елге пайдасын тигізгісі келетіні бізге ұнады. «MOOZTAU» тоңазытқыштарының ғұмыры ұзағынан болғай. Халық игілігіне қызмет ете берсін деп тілектестік білдіреміз!

Эльмиира Байназарова