Білім

Айына 15 кітап оқитын әже

Сарыкемер ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, 73 жастағы Марияш Күнеділқызы айына 15 кітап оқитын нағыз кітапқұмардың өзі. Сонау Ақмола облысына қарасты Ешім кеңшарында дүниеге келген ол бала кезінен кітап оқуға құмар болған. Орта мектепті бітірісімен Целиноград қаржы-экономикалық техникумына оқуға түсіп, «Қаржыгер-экономист» мамандығын алып шығады. Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдап, жолдамамен Ақмола облысына келген Тұрсынбай Айтбековпен танысады. Бірін-бірі ұнатқан жастар көп ұзамай шаңырақ көтеріпті. Осылайша Арқаның аруы үлкен әулетке келін болып түседі.

Еңбек жолын Сарыкемер (бұрынғы Михайловка)  ауылындағы байланыс торабында, кейіннен мәдениет саласында есеп-қисап бөлімінде  жұмыс жасаған Марияш апай  жұбайы Тұрсынбаймен 5 ұлын өсіріп, бес келін түсіреді.– Жолдасым  Тұрсынбай аудандық ветстансада, кейіннен облыстық ветеринариялық комитетте ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Жамбыл облысы бойынша малшаруашылығының жұқпалы ауруларын қадағалайтын білікті де білгір маман ретінде ел есінде қалды. Кітапқа өте құмар болатын. Өкінішке қарай, Құдай қосқан қосағым 12 жыл бұрын дүниеден озды. Перзенттерімізге өнегелі  тәрбие бергендіктен бүгінде солардан тараған немерелердің қызығын көріп отырмын. Аллаға шүкір, жағдайым жақсы. Екі ұлым Астана қаласында, бір ұлым Алматыда, екі ұлым Сарыкемерде тұрады. Кенже баламның қолында тұрамын. Келіндерім  ибалы, қас-қабағыма қарап, жағдайымды жасауда. Әкем ұстаз болатын. Кітапты көп оқитын. Жас кезімнен әлемге танымал жазушылардың туындыларына көңіл бөлдім.  Соңғы кездері тарихи және детективті  кітаптар қызықтырғандықтан қазір белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың таңдамалы томдары мен белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің кітаптарын оқып жатырмын.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында кітап туралы «Біз ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген сөзін құптаймын, – деп сөзін бір қайырды әжей.Он күн сайын аудандық орталықтандырылған кітапханаға барып, жазушылардың әлі сиясы кеппеген жаңа шығармаларын алып оқитын Марияш апайдың немерелері Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп гимназияның 5,10-сынып оқушылары Ерден мен Аян Тұрсынбайлар да  кітапқұмар екен.
– Келінім болғанымен үй шаруасына, кішкентай немерелерімнің тәрбиесіне көмектесіп отырамын. Қолым қалт етсе, немерелеріме ертегі, аңыз, балаларға арналған  шығармаларды дауыстап оқып беремін. Белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз – алдыңғы толқынның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген сөзі санамнан кетпейді. Жалпы көркем әдебиет адамды тәрбиелейді. Өкінішке қарай, қазір жастарымыздың өмірі гаджетке байланғандықтан кітап оқымайтын, газет қарамайтын болды. Сандық технологияның жетістіктері керек-ақ, бірақ кітаптың жөні бір бөлек. Сондықтан өсіп келе жатқан жастарымыздың кітап оқуға деген қызығушылығы мен құмартушылығын арттыруға, отбасылық кітап оқуды  насихаттауға ата-әже, әке-ана,  қоғам болып атсалысуымыз керек, – деп сөзін түйіндеді  Марияш апай.

Ұмыт болып бара жатқан кітап оқуды жанына серік етіп, рухани азыққа айналдырған, өзінің ой-өрісін кеңейтіп отырған Марияш апайдың бұл ісі өзгелерге үлгі боларлықтай. Ендеше үлкен-кіші, бала-шаға демей барлығымыз да телефонға телмірмей, бір мезгіл кітап, газет оқуды қолға алғанымыз орынды болар еді.

Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА,
Байзақ ауданы