Альфа-ұрпақпен ұрыссыз ұғынысыңыз
Кейінгі кезде бала тәрбиесі жиі ойландыратын мәселеге айналды. Оқушылар арасындағы қылмыс бір бөлек, ата-аналар тарапынан баласының мәселесімен мектепке шағым айтып келу жағдайы да жиіледі. Әрине, түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін салдарын анықтаған абзал. Осы жағынан қарастырсақ, балалар психологиясымен айналысатын мамандар қазіргі жеткіншектерді «Альфа-ұрпақ» деп атайды. Олардың алдыңғы буыннан айырмашылығы ақпаратты тез қабылдайтындықтан да болар, қатты дауыс көтеріп сөйлегенді көтере алмайды. Сондықтан да мамандар «2010 жылдан кейін дүниеге келген балаларды ұрып тәрбиелеуге болмайды» дейді. Ал ата-ананың, мұғалімнің «таяғын» жеп өскен алдыңғы буын өкілдерін қазіргі ұрпақпен салыстыруға келмейтін көрінеді.
Сонымен қатар кейінгі кезде көбейген жұбайлардың ажырасуы да балалардың психологиясына кері әсерін тигізіп жатқаны тағы бар. Кейде өзара тартысқан ата-аналардың балаға көңіл бөлмеуінің салдарынан жеткіншектердің бірі өз бойынан мін тауып, үнемі ұнжырғасы түсіп, сабақ үлгерімі төмендеп, ұстаздар тарапынан түсініспеушіліктен қажыса, енді бірі жасөспірімдік өтпелі кезеңде психологиялық өзгерістен қиналады. Ал көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасынан шығып, үнемі жетіспеушілікте жүрген балғындардың көңіл күйі айтпаса да түсінікті. Одан бөлек момындығы үшін сыныптастарынан қысым көріп шаршайтын да, әлдебір мақсатына жете алмағанына налып, көңілі құлазитын да балалар бар. Балалардың басынан кешірген бұл эмоцияның барлығы жасөспірімнің мінез-құлқына, өмір сүру дағдысына әсер етіп, психологиялық әлсіздікке, ашушаңдыққа алып келеді. Күні кеше жайнап, жадырап жүрген жасөспірімнің көңілі құлазып, дегбірсіздене бастағаны бірден байқалады. Немесе оқу үлгерімі үздіктердің қатарынан көрінген оқушының әп-сәтте сабағы нашарлап, бойынан қандай да бір алаңдаушылық білінсе, үлкендер жағы бірден мән-жайға терең үңілуге, сол баланы әңгімеге тартып, жақын сырласуға асығуы шарт.
Балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алу үшін әр мектепте психолог жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – білім алушыға барынша қолдау көрсету, проблемаларын шешуге тырысу, яғни рухани тұрғыда көмектесу. Адамның тұлғалық психикасын, сыртқы ортамен өзара әрекетін, яғни адамның мінез-құлқын зерттейтін ғылым психология болғандықтан психолог бұл тұрғыда өз біліктілігін көрсетеді. Облыс әкімдігі білім беру басқармасының мәліметінше, аймақта 601 психолог өз қызметін көрсетіп жүр. Мектептегі оқу процесінде оқушылар тарапынан туындайтын мәселелерді шешуге ата-аналарды тартуда кездесетін қиындықтармен күресу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қоғамда қалыптасқан «Психологқа рухы әлсіз немесе психикалық ауруы барлар ғана барады» деген пікірге осы сала мамандарының пікірі қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп және педагог пен психолог жұмысындағы үйлесімділік туралы да білу мақсатында жандүние емшілерінің пікірін тыңдауды жөн көрдік.
Бұл жағдайда психолог пен ата-ана барлық уақытта да өзара ынымақтастықта болған. Соның арқасында қыздың күйзелісте жүрген жасөспірімдік кезеңінен алып шығу сәтті аяқталған. Ал кей сәтте ата-ананың немесе психологтың әрекеті дұрыс болмағандықтан түрлі келеңсіз оқиға орын алады.
Отбасынан бастау алған бала тәрбиесі балабақша, одан мектеп тәрбиесіне ұласады. Мысалы, мектепте 1-сынып оқушысын жақсы оқығаны, мақтаулы болғаны үшін үнемі бұзақылық жасап жүретін сыныптасы қылғындырып, талдырып қойған жағдайды да естігенбіз. Әлгі тентектің үлкен ағасы да мектепте қиын балалар тізімінде тұрғаны белгілі болған. Ал жиналысқа шақырылған анасы: «Бала бұзық болуы керек. Әйтпесе «таяқ» жеп жүре береді. «Таяқ» жегенше біреуді ұрсын. Есесіне бәрі қорқып жүреді, ешкім тиісе алмайды. Баламда шаруаларың болмасын», – деп жауап беріпті. Кейін сол үйдің үлкені бұзақылық жасап, заң бұзып, 18-ге толар-толмастан темір торға тоғытылды. Осындай оқиғалар басқаларға сабақ болса игі.Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі үшін балабақшаны, мектепті, мұғалімдерді кінәлаудан бұрын басты жауапкершілікті отбасынан талап еткен жөн-ақ. Сондықтан да қазіргі уақытта шаңырақтағы тәлімді тереңдете отырып, ата-аналардың бала тәрбиесіне байланысты жауапкершілігін арттыру қажет. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қою үшін мұғалім мен ата-аналар барлық уақытта да өзара ынтымақтастықта болғанының берері мол. Сонда ғана баланың болашағы оң шешімін таппақ. Бұл болашақтың баяндылығына бастайтынын ұмытпайық.
Құралай Сейсенбекқызы,
журналист