Кәсіп

Тұтынушылар сарсаңға түспеуі тиіс

Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастыру, осы бағытта атқарылатын жұмыстарды жүйелеу және жетілдіру жолға қойылған. Сол үшін де әркез тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң жобаларына өзгеріс енгізу, саладағы қатынастарды реттейтін нормативтік құжаттардың тізімін бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жүктелген. Осы мақсатта сауда саласында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы мен сапасын бақылауда ұстау басты назарда. Сондай-ақ мүдделі мекемелер кәсіпорын, сауда орындары, сатушы секілді басқа да тиісті тараптар бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің талапқа сай болуын еліміздің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында тексеріп отыруға құқылы.Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасымбековтің айтуынша, осы жылдың 5 айында аталған департаментке 463 өтініш келіп түскен. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 385 өтініш жасалып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123 өтінішке артқанын көрсеткен. Былтыр 5 айда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініш саны 262-ні құраған екен.Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі 47 пайызды құрапты. Сауда қызметі саласында 78 жазбаша өтініш түскен.

– Департаментке келіп түскен жазбаша өтініштердің жалпы саны – 269. Мамандардың азаматтарды қабылдауы – 50 адам, басшының азаматтарды жеке қабылдауы – 2 тұтынушы, сенім телефонына 134 өтініш, «Telegram» бот бойынша 8 өтініш түсті. Тұтынушылардың шағымдарының негізгі саласы – бөлшек сауда. Бұл бойынша 178 шағым бар. Ол шағымның жалпы санының 46,2 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бөлшек саудаға қатысты шағымдар 3,2 пайызға қысқарды.Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сатушының сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуы басым. Одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту секілді жайттар ел ішінде көптеп кездесуде.Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны 2023 жылдың 5 айында 38-ді құраса, 2024 жылдың 5 айында 67-ге жетті. Өсім 76,3 пайызды көрсетіп отыр. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты. Департамент қараған өтініштердің ішінен 261 өтініш қанағаттандырылды, бұл 65 пайызды құрайды. Тұтынушыларға 13,7 миллион теңге қайтарылды, 140 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды. 

Кейіпкеріміз тауарды сатып алғанда, үйге келіп ашқанда міндетті түрде бейнежазба пайдалану керектігін айтады. Заңда бұл еш жерде көрсетілмесе де дүкен иелері бейнежазба талап ететін көрінеді. Ол адамның өз құқығын қорғау үшін және тауар бүлінген болса, ақшаны кері қайтарып алу үшін қажет.

Сондай-ақ дүкеннің тауар тасушысы (курьер) өнімді үйге жеткізгенде оны ашып көрсетуге міндетті. Сондай-ақ барлық қораптарды, чектерді және басқа да тиісті заттарды мұқият сақтау аса маңызды. Бастысы тауарды сатып алғанда, жеткізушіден қабылдағанда сатып алушы мұқият болуы керек. Ал қандай да бір келеңсіздікке тап болғанда тұтынушы өз құқығын қорғауға ұмтылуы тиіс.

Нұрым Сырғабаев