Инфляциялық үдерістерді тежеу - маңызды
Қандай да бір тауардың, өнімнің өзіндік құны болатыны белгілі. Мәселен, бір өндіріс ошағы белгілі бір өнімді нарыққа шығарды делік. Осы өнім дайындалып біткенге дейінгі кеткен шығындарға жұмсалған қаржы тауардың өзіндік құны болып есептеледі. Одан кейін ол тауарға кеткен шикізат, электр энергиясы, газ секілді коммуналдық қызмет пен салық, жұмысшы жалақысы секілді шығындарды жабу үшін тауардың ақшалай өлшемі, яғни баға қойылады. Сөйтіп, өнім нарыққа жол тартады. Егер әлгі өнім біздің нарыққа сырттан келетін болса, оған жол шығыны, делдалдың, саудагердің үстемеақысы қосылып, тауардың бағасы өзіндік құнынан бірнеше есеге шарықтай түседі.
Жалпы қандай да бір мемлекетте еңбек өнімділігі алға баспаса, өндіріс өрге тартпаса, кез келген көрсетілетін қызметтердің ақысы өссе, шығарылатын өнімге қатысты жұмсалатын шығын көлемі артса, шикізат сырттан келсе, жұмысшылардың жалақысы мардымсыз болса, жергілікті нарық шетел валютасына тәуелді болса, ұлттық валюта құнсызданса, мемлекет әлемдік бәсекелестік ортаға кіріге алмаса, жалпы осындай сан түрлі факторлар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасының өсуіне тікелей ықпал етеді. Мұндайда мүдделі мемлекет нарықтағы бағаны ұстап тұрудың, халыққа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бағасының қолжетімді болуының амалын жасап бағады.Көп жылдан бері біздің де мемлекет осындай түрлі кедергілермен күресіп-ақ келеді. Жұртшылықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін халықтың белгілі бір санаты бойынша жәрдемақылар тағайындалып, күнделікті тұтынуды қажет ететін тауарлардың бағасын мемлекеттік бюджет есебінен тұрақтандыруға күш салуда. Сол үшін де бүгінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей тұр.
Оның ішінде Әулиеата өңірінде де инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында негізгі азық-түлік тауарлары мен азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге қатысты бағаны тұрақтандыру бағытында бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе облыстың түрлі сауда орындарында, коммуналдық базарларда азық-түлік бағасы бақылауға алынып, сәт сайын ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жәрмеңкелері өткізіліп, әлеуметтік дүкендерде, кейбір ірі сауда орындарының арнайы сөрелерінде азық-түлік халыққа нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмендетіліп ұсынылуда.Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аймақ бойынша жылдық инфляция 2,8 пайызды құраған. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2,9 пайыз болған. Сонымен қатар жарма тауарлары бойынша форвардтық және тұрақтандыру қорына сатып алу келісімшарты негізінде қорлар қалыптасқан.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы аудандарда да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Жуалы ауданында «Сары-Ағаш», «Жуалы жер жаннаты», «Дары природы» базары және «Саду» мал базары секілді 4 бірдей базар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мұнда «Айдана», «Универсам», «Тәтті себет», «Інжу-Маржан», «Аяла» сауда үйі секілді ірі сауда орындары мен азық-түлік сататын 112 дүкен бар. Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ербол Нұрбековтің сөзіне сүйенсек, 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 11 түрі ауданда өндіріледі. Яғни қалған 8 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша аудан сыртқы нарыққа тәуелді.– Атап айтқанда, бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыз пастерленген сүт пен пастерленген айран, майлылығы 5,9 пайыз сүзбе, сары май, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп аудан аумағында өндіріледі. Ал күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, қант, ас тұзы, пияз басқа облыстардан жеткізілуде.
Негізінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру шараларының бастапқы мәселесі – сауда дүкендеріне мониторинг, хаттамалық ескерту және айыппұл салу. Өткен жылы әкімшілік іс жүргізу құзыреттілігі облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне берілгені есте.2024 жылға Жуалы ауданы тиісті дүкендер бойынша сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандум жасаған. Осы жылға аудан әкімдігі мен тауар өндірушілер арасында өндірілген өнімге сауда үстемесін 10 пайыздан асырмау туралы 8 меморандумға қол қойылған. Өткен жылы 27 дүкенмен сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандум, тауар өндірушілермен 6 меморандум жасалыпты.Аудан әкімдігінің 2024 жылдың 19 наурызындағы «Жуалы ауданында негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қоғамдық зерделеу жүргізетін жұмысшы топ құру туралы» қаулысы негізінде құрылған жұмысшы топ мүшелерінің өтініші бойынша 8 заңбұзушылық туралы анықталған актілері жасалып, сауда департаментіне жолданған екен. Осы жылы 8 өтініш жолданып, 3 азық-түлік дүкеніне ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылса, 3 өтініш негіздеме болмауына байланысты кері қайтарылыпты. 2 өтініш бойынша заң нормаларын бұзушылық дәлелденбеген.Өткен жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін қайта бұзғаны үшін 1 сауда нүктесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты.
Осы жылдың ақпан айында аудан кәсіпкерлеріне «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында өз өнімдерін тікелей өткеру мақсатында Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп, «Ауыл Береке» базарының аумағынан сауда-саттыққа арналған жер телімін алу бойынша келісім жасалыпты. Бүгінгі күнге «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында ниет білдіруші «Бурный ірімшік зауыты» мен «Мол Даму» агроөнеркәсіптік кешені, «Ақ ммо – 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Султанова Г» жеке кәсіпкерлігіне 200 шаршы метрден тиісті жер қарастырылып жатқан көрінеді.
Айта кету керек, Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қазіргі уақытта аталған ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге қатысты жерге орналастыру актісі жасау жұмыстарын жүргізіп жатса керек. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың шілде айына дейін аяқтау жоспарланыпты.Осы ретте жуалылық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімімен аудан нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, облыс орталығында да тауарын саудалауға ниеттенгені қуантады.
Нұрым Сырғабаев