Оқушылар қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымдарын жасады
Облысымызда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дарынды мектеп оқушылары да акцияның жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосуда. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығында 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымдарын жасады. Жуырда оқушылардың еңбектері «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі көрмеге қойылды. Техникалық шығармашылық орталықтың шәкірттері алдағы уақытта да экологиялық науқанға үлестерін қосып, шығармашылықтарын шыңдауға ниетті.
Сонымен қатар көрме барысында жас ғалымдардың инновациялық жобалары да таныстырылды. Оқушылардың идеялары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін түзеуге негізделген. Мәселен, Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназияның оқушысы Д.Тарасенко «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Ж.Жеңісхан «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы, Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейдің оқушысы А.Оңдасын «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы, №44 мектептің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебек «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыттың жобасын таныстырып, көпшіліктің жоғары бағасын алды.
Жалпы акция аясында өңірдің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап өтсек, Жамбыл ауданы, Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылды. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысып, ауланың тазалығын сақтау бойынша өзара бақ сынасты. Келіндер арасындағы байқау экологиялық мәдениетті қалыптастыру, береке мен бірлікті арттыру және ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруды көздейді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурсы өтті. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында «Біздің аула», Байзақ ауданында «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай аудандарында «Ең үздік аула», Т.Рысқұлов ауданында «Ең белсенді тұрғын», Талас ауданында «Ең үздік көше», Шу ауданында өткен «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсының тәрбиелік мәні зор болды.
Сонымен қатар волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден аса қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамалар боялып, жуылды. «Ұлы дала» ықшамауданында және «Әулие бұлақ» каналының бойында тазалық жұмыстары атқарылды. Осы бағыттағы жұмыстар барлық ауданда ұйымдастырылды. Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты. Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 миллиард теңге қарастырылған.Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі