Жаңалықтар

Тұрақтылық пен дамудың діңгегі

Әр саланың дамуына білімді, білікті мамандардың ықпалы орасан зор. Оны тарих та талай рет айғақтаған. Сондықтан да елімізде азаматтық қорғау органдары жүйесінде бірыңғай мемлекеттік кадр саясатын іске асыратын бағыт ретінде кадр саясаты жүзеге асырылуда.

Соның бір тетігі – биыл алғаш рет елімізде өткізіліп отырған «Өңірлік кадрлық резерві». Бұл жобаның мақсаты – өңірлік жас басшылар пулын қалыптастыру. Сондай жастардың бірі болып жатсақ, туған өлкеге еңбегімізді, пайдамызды келтіре алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген оймен мен де осы жобаға қатысуға өз құжаттарымды тапсырдым. Алғаш рет өңірлік кадрлық резерві туралы ақпан айында естідім. Кейінірек өзім қызмет етіп жүрген мәдениет саласы жастарымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің мамандары ұйымдастырған ақпараттандыру жиынында кеңірек танысып білдім. Резервке өтудің тиімді жақтары туралы ақпарат алдым. Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасу үшін құқықтық сауаттылығыңды көрсететін сертификат алуың қажет. Ол сертификатқа қол жеткізу үшін 6,8,9 заң бойынша белгілі бір лауазым санатына сай біліміңді дәлелдейсің. Ал кадрлық резервке өткен жағдайда алдыңғы кезеңде 4 заң бойынша ғана тест тапсырып, жоғары мүмкіндікке ие боласың. Сонымен қатар өзге сала маманы бола жүріп, ұсынылған жеті бағыттың бірін таңдау еркі де берілген. 

Резервте болу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Оның бастапқы баспалдағы құжаттарды қабылдау кезеңі болды. Яғни 1-31 наурыз аралығында үміткерлер өз кандидатурамызды ұсыну үшін «Өңірлік кадрлық резерві» деп аталатын сайт арқылы тіркеліп, құжаттарымызды ұсындық.Ол бойынша жеке кабинетке құжат қабылданғаны туралы және заңнаманы білуге арналған келесі кезеңге өту үшін тестілеу күні мен уақытын таңдау керектігі жөнінде хабарлама келді. Сол хабарлама негізінде тестілеу күнін белгілеп, 6 сәуір күні екінші кезеңнен өттім. Нәтижесін сол мезетте білгенімізбен келесі кезеңге өту туралы хабарлама біраз ұзады. Дегенмен «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, қуанышты хабар да жетті. Жеке қасиеттерді бағалау кезеңі де тест түрінде өтті. Онда барлығы 120 сұраққа 90 минут ішінде жауап беру керек. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, аналитикалық ойлау, коммуникативтілік, көшбасшылық, әдептілік, бастамашылық сынды 10 бағыт бойынша түрлі ситуациялық, логикалық сұрақтар болды. Одан да оң баға алып, келесі кезеңге жолдама еншіледім. Бұл кезеңің жауаптары алдыңғы кезеңмен салыстырғанда тез-ақ шықты. Тіпті Астанаға бару керектігім туралы ойланып та үлгермедім десем болады. Әйтсе де ассесмент орталықтан құзыреттіліктерді бағалау кезеңінің де тапсырмаларын ойдағыдай атқарып шықтым деп ойлаймын. 

Жалпы ассесмент орталық дегеніміздің өзі – заман қажеттілігіне қарай пайда болған салалардың бірі. Яғни мұнда тәжірибелі мамандар кешенді тапсырмалардың, кейстердің жиынтығы арқылы үміткерлердің көшбасшылық, стратегиялық және аналитикалық ойлау қабілеттерін, белгілі бір лауазымға қаншалықты сай қызмет атқара алатындығын объективті түрде бағалайды. Расында, бағалаудың қалай жүргізілетіні жайында бейхабар болғаныммен мен үшін өреңді өсіретін, ойлауыңды жаңа бағытқа бұратын қызықты әрі пайдалы тәжірибе болғаны анық. 
Адам ғұмыр бойы жаңа білімге мұқтаж. Ол – өсудің кепілі. Қызмет бабында ғана өсу шартты емес, бастысы – жаңа тәжірибе, мүмкіндіктің болуы. Ал оның қандай да болса түбінде сен үшін берер оң нәтижесі барына сенемін. 

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және 
тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі