Жаңалықтар

Байыпты бастамалар қалай іске асып жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаеавтың тікелей бастамасымен тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең алғашқы Ұлттық құрылтайдың Ұлытау өңірінде өткені белгілі. Ал екінші алқалы басқосу Түркістан төрінде ұйымдастырылды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы хан ордалы Сарайшық іргесіндегі Атырауда көрісу күнімен тұспа-тұс келді. 2024 жылдың 14 наурызында Президент «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясымен ұлт болашағын бейнелеп, алға жетелейтін алты құндылықты атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаеавтың тікелей бастамасымен тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең алғашқы Ұлттық құрылтайдың  Ұлытау өңірінде  өткені  белгілі. Ал екінші алқалы басқосу Түркістан төрінде ұйымдастырылды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы хан ордалы Сарайшық іргесіндегі Атырауда  көрісу күнімен тұспа-тұс келді. 2024 жылдың 14 наурызында  Президент «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясымен ұлт болашағын бейнелеп, алға жетелейтін алты құндылықты атап өткен болатын.

Осы  жиыннан бері көп уақыт өткен жоқ. Дейтұрғанмен байыпты бастамалардың лайықты нәтижелерінің сезіле бастағаны жасырын емес.  Қоғамдық сананы жаңғырту жолында жаңа қадамдар жасалып жатыр. Сан салада салмақты реформалар қолға алынды. Алда әлі ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Жуырда қазақтілді интернет басылым басшыларымен кездесу өткізіп, Ұлттық құрылтай аясында жүзеге асатын жұмыстар жайын баяндаған ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин осыны меңзеді. 

Айта кету керек, биылғы құрылтайға дейін жыл басында 4 жұмыс секциясының отырысы өткен. Яғни Мемлекет басшысының құрылтай отырыстарында көтерген бастамаларының орындалу барысын талдау, құрылтай мүшелері ұсыныстарының орындалуын бақылау, жиын мүшелерінің жаңа бастамалары мен ұсыныстарын қарастыру сынды мәселелер алдын ала нақтыланады. Ал 14 наурыз күні Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырыстары салалық министрлердің қатысуымен өткізілді. Бұл әр салаға қатысты мәселелерді жұрт алдына шығарып талқылауға мүмкіндік береді. Ең маңызды жиын – Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы 15 наурыз күні басталды. Басқосуда  Мемлекет басшысы мен құрылтай мүшелері сөз сөйледі. Бұл отырысқа 4 жұмыс секциясының өкілдері де қатысып, Құрылтай хатшылығына қаңтар-наурыз айларында айтылған ұсыныстарды талдау, бастамалар пакетін жасақтау және наурыз-сәуір айындағы Президент бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қарау жоспарын әзірлеп, іске асуын қадағалау тапсырылған болатын.

 


Осы құрылтайда көтеріліп, кейіннен іске асқан бастамалардың бірі – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беріліп, елімізде «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылғаны да нақты жұмыстың нәтижесі.Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жыл соңына дейін қабылданатын тоғыз заңның қай-қайсысы да маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы да баяндады. 


Айта кетейік, 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген. Сонымен қатар «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның да  жарық көргені белгілі. 7 томдықты әзірлеу туралы бастама Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерілген еді. Көп ұзамай жобаға 5 ғылыми институт пен еліміздің 250-ден астам, шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымы жұмылдырылған. Көптомдыққа 40-тан астам археологиялық зерттеу материалдары мен тарих, археология, этнография бағытындағы 300-ге жуық басылым енеді. Академиялық басылымды дайындау барысында халықаралық форумдарда, ғылыми конференцияларда, «дөңгелек үстелдер» мен әдістемелік семинарларда секциялар өткізілді. Ерлан Тынымбайұлы осы шаралардың аясында ғылыми зерттеулердің нәтижелері тексеріліп, ғалымдардан, сарапшылар мен мамандардан ұсыныстар алынғанын атап өтті. 

ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің де жұмысы жандана түсті. 2022 жылы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы мен жұмыс тәртібі толық жаңартылды. Ерлан Қарин мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін алға тартты. Оның айтуынша, Кеңес мүшелері «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасының дайындығына қатысады. Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар дайындалып жатқанын да атап өтті.

Бақыт Жалғас