Жаңалықтар

Әрбір мүліктің сұрауы бар

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің негізгі атқаратын қызметі – республикалық мемлекеттік мүлікті тиімді басқару. Оның бір бағыты – мемлекет меншігіне алынған мүлікті есепке алу, сақтау, пайдаланылмай тұрған мүлікті мемлекеттік органдардың теңгеріміне беру, сенімгерлік басқаруға беру, сондай-ақ бағасын шығарып сату және жою.

Департаменттің жекелеген негіздері бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімі «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 Қаулысының 8-тармағына сәйкес тәркіленген мүлікті, заттай айғақтарды, сондай-ақ бұрын мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды сот орындаушылардан немесе органдардан мемлекет кірісіне қабылдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл мекеменің мүлікпен жұмыс бөліміне 28 атқару өндіріс ісі түскен. Ол 1 537 бірлік мүлікті құрайды.

Оның ішінде 6 автокөлік, 1 325 литр жанар-жағармай, (бензин, дизель отыны), 19 ұялы телефон және құрал-жабдықтары, 1 жарық құрылғысы, 3 тыйым салынған діни кітап, 71 конструктор, 1 радио, 24 монитор, 18 моноблок, 3 видео тіркегіш, 10 процессор, 43 телевизор, 7 термопринтер және 6 сканер бар.

Өткен тоқсанда сот шешімімен мемлекет меншігіне алынған мүліктерді одан әрі пайдалану, сату немесе жою бойынша төрт комиссия отырысы өтіп, 1 537 бірліктің 1 003-іне шешім шығарылды. Комиссия шешімімен 31 атқару өндірісі бойынша 5 автокөлік, 24 монитор, 18 моноблок, 3 видео тіркегіш, 10 процессор, 43 телевизор, 7 термопринтер, 6 сканер мен 887 литр бензин және дизель отынына бағалау жұмыстарын жүргізу туралы шешім шығарылды. Ал 15 атқару өндірісі бойынша 28 ұялы телефон мен оның құрал-жабдықтары, 3 діни кітап пен 1 жарық құрылғысын заң талабымен жою туралы шешім шығарылып, қазіргі таңда жою жұмыстары ұйымдастырылуда. 

Жалпы жыл басынан бері 31 атқару өндірісі бойынша мемлекет меншігіне алынған мүліктің жалпы құны 18 миллион 632 мың 955 теңгені құрады. Мемлекет меншігіне алынып, мемлекеттік органдар теңгеріміне ұсынылған мүліктен өзгесі электрондық сауда-саттыққа шығарылды. Сонымен, 30 атқару өндірісі бойынша 1 119 мүлік 2 миллион 094 мың 543 теңгеге өткерілді. Қалған мүліктер бойынша атқару жұмыстары жалғасуда.

Мадияр МАТКЕРИМОВ, 
облыстық мемлекеттік мүлік 
және жекешелендіру
департаментінің жекелеген негіздер бойынша
түскен мүлікпен жұмыс
бөлімінің басшысы