Жаңалықтар

Асқар тау аласармайды

Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевты еске алуға арналған «Абыз күйші – Әбдімомын» тақырыбында танымдық кеш өтті.

Кеш Әбдімомын Желдібаевтың өмірбаяны туралы бейнероликпен ашылды. Іс-шарада Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның күйшілері Нұрберген Қырғызбаев «Әулие ата» күйін орындаса, Нұрлатбек Әзімбаев «Жарылғап батыр» күйін, ал Фариза Мадяр «Толғау» күйін орындап, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырды.

Сонымен қатар автордың көпшілікке танымал күйлері ғана емес, әндерінің де бар екені атап өтіліп, ортада Мерей Абуева мен мәдениет саласының үздігі, әнші Жанатбек Кәдіров әсем әнді жұрт жүрегіне жеткізе білді. Кеш соңы Әбдімомын Желдібаевтың жұрт арасында кеңінен танылған «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланды.

Анар ӘУЕСБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
 Тараз өңірлік 
университетінің 
3-курс студенті