Елім деген ерлер марапатталды
«Апат айтып келмейді» деген сөз бар халық даналығында. Елімізде орын алған көктемгі алапат су тасқыны осы нақылдың текке айтылмағанын көрсетіп берді. Биылғы су тасқыны көлемі жағынан ең ірі табиғи апат ретінде танылды. Қарғын судан пайда болған тілсіз жау салдарынан еліміздің су басқан 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Су басқан аймақтағы апаттың алдын алу, оны жою секілді жұмыстарға еліміздің өзге өңірлерінен құтқарушылардан бастап, әскерилер, түрлі мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілерге дейін барып атсалысты.
Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі қызметінің бас болуымен су тасқыны салдарын жою, тасқынға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, апаттық-құтқару жұмыстары жүйелі жүргізілді. Негізінде алапат апатпен күрес жүргізуде осы іске атсалысқан әр адамның жанкешті еңбегі елеуге тұрарлық. Олардың арасында өңіріміздің де оғландары бар. Осыған орай кеше Тараз қаласындағы «Grand Royal» мейрамханасында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Атырау облысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарына атсалысқан кәсіпорын, мекеме қызметкерлерін марапаттау жиыны ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысты.
– Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алып, тілсіз жау мал-жанға қауіп төндіргенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, бүкіл ел болып, әр өңірдің азаматтары апатпен күресуге үлес қосты. Оның ішінде Атырау облысындағы елді мекендерді табиғи апаттан қорғау үшін алдын ала дамба, бөгет, су тоспалары салынды.
Нұрым Сырғабаев