Жамбыл жаңалықтары

«Jassaq» Жасөркенде жалғасты

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданы, Жасөркен-2 ауылындағы «Жасөркен» атпен серуендеу демалыс аймағында «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық шоуының түсірілімі болды. Аймақта екінші рет ұйымдастырылып отырған айрықша іс-шараға республиканың әр өңірінен жастар ресурстық орталықтарының мамандары, волонтерлер, түрлі саладағы белсенді 42 жас қатысты.

Облыстың 85 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған жобаның алғашқы күні қатысушылар үшін «Көне Тараз» этномәдени, «Тектұрмас» этнотарихи кешендеріне, Айша бибі, Бабажа хатун, Қарахан кесенелері мен «Даңқ» залына экскурсия ұйымдастырылды.Экскурсия аясында қатысушылармен басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар арнайы кездесіп, сәттілік тіледі.– Жоба облысымызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат – көшпенді халқымыздың қалыптастырған тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін қайта жаңғырту. Аты айтып тұрғандай, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жастары – кешегі сақтардың сарқыны. Сондықтан ҚасСақтың жалғасын бүгін ЖасСақтар жалғастырсын деген ниеттеміз.

 


Үздіктердің үздігі атанған ойыншыларға тоқталып өтсек, Қостанайлық Жасұлан Бекболат қазақ күресі сайысының үздік қатысушысы атанса, ақтөбелік Жанболат Себешов қол күресі сайысынан бірінші орын тұғырынан көрінді. Түркістандық Айбек Тәшкенбай дәстүрлі садақ атудан қарсылас шақ келтірмесе алматылық Дана Рүстембекова көмбе нан пісіру сайысынан оқ бойы озық болды. Жамбылдық жастар да додада жүлдесіз қалмады. Қой көтеруден Дәурен Доғдырбай, ләңгі тебуден Айдос Аппасов, сиыр сауудан Аяулым Мұхаметқали бірінші орынды еншіледі.«Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, Жамбы атудан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Елдос Бадашев, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Нұржан Алатаев, №22 спорт мектебі директорының орынбасары Жолдас Ердалиев, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев төрелік еткен этно-реалити телевизиялық жобасы өте жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.Жарыс нәтижесінде «Сақ» командасы I орынға ие болды. Жеңімпаз топ 750 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ түркістандық қатысушылар «JasSAQ» туын салтанатты жағдайда қабылдап алды. Осылайша келер жылы аталмыш жоба Түркістан облысында өтетін болды. II орын «Алаш» командасына бұйырып, 500 мың теңге сыйақыға ие болды. III орынға «Сұңқар» тобы лайық деп танылды. Бұл топ 350 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Қалған 21 қатысушының әрқайсысы 20 000 тенгеден, жалпы 420 000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

– 5-8 маусым аралығында Тараз қаласында «JasSAQ» республикалық этно-реалити телевизиялық жобасы іске асырылды. Осы жобаға Қостанай облысының атынан Родина ауылдық округінің спорт әдіскері Жасұлан Бекболатов екеуміз қатыстық. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жастарды Тараздың өрендері күтіп алып, бірінші күні көне шаһардың тарихи және мәдени жерлеріне экскурсия жасадық. Екінші күні Жасөркен ауылдық елді мекенінде этноауылда  жобаның ашылу салтанаты  өтті. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жатын орнын, барлық мезгілдегі ыстық тамақтарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, келген қонақтардың жақсы көңіл күйде жүруіне лайықты жағдай жасапты.Әр облыс, ауданнан келген жастар ресурстық орталықтарының директорлары таңдалып, 6 топқа капитан ретінде тағайындалды. Қалған қатысушылар сол  топтарға 7 адамнан бөлініп, түрлі сайыстарда бақ сынады.  

Не де болса сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын ұлықтаған жастар қажет кезде өздерінің балуан да, батыр да, мерген де бола алатынын көрсетті.

Ақтоты Жаңабай