Жаңалықтар

Жамбыл облысында "Таза Қазақстан" аясында келіндер байқауы өтті

Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысты

        Бүгін Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» атты байқау өтті. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысты. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

          Конкурстың мақсаты – тазалықты сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың бірлігін, татулығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыру.

          Бірінші кезеңде жас келіндер өздерін дүйім жұртқа қара өлең арқылы таныстырса, екінші кезеңде ауланың тазалығымен сыналды.

    – Әлеуметтік мәні үлкен бастаманың аудан тазалығы үшін ғана емес, тұрғындардың санасына да әсері айтарлықтай. Ең басты мақсатымыз – өлкемізді тазалыққа шақырып жатқан жандарға, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді сайысқа қатысушы Әнипаева Алма.

      Сайыс соңында, арнайы құрылған комиссия конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына баға беріп, жеңімпаздарды анықтады. Сонымен қатар, акцияға белсене қатысып, өзі тұратын аула мен көшенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.