Ескерткіш маңы тазаланды
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар.
Ендеше, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті де көрікті болуы ауыл тұрғындарының жанашырлығына тікелей байланысты. Өйткені, тазалық пен тәртіп кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындар мәдениеттілігінің өлшемі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекіткен «Таза Қазақстан» атты республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығы Мойынқұм ауылына кіре берісінде орналасқан «Керей мен Жәнібек» ескерткішінің маңы мен замануи үлгіде, сәні жарасқан «ҚазақстанТәуелсіздігіне – 30 жыл» жазуының айналасындағы қоқыстар таптұйнақтай тазартылып, шөптер шабылып, ауыл ажары ашыла түсті.
Аудан орталығында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, спортшылар мен жастар біркісідей жұмылып, тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдықтар бұл жолы білек сыбана белсене атсалысты.
-Аталмыш акция аясында үнемі сенбілікке шығып, өз ауылымыздың тазалығын сақтаймыз. Оған белсенді қатысу – тұрғындардың елжандылығын, ауылға деген жанашырлығын көрсетеді. Әр адам өз үйінің, ауласының айналасытаза болғандығын қалайды. Сондықтан да сенбілік жұмыстарын жүргізуді өте дұрыс деп есептеймін, ауыл халқы да түгелдей өз аулаларын тазалап, ауылымыз біршама көркейіп қалды.
Тазалық денсаулықтың да кепілі екенін ескерсек, өз ауылымыздың тазалығы балалар мен аудан тұрғындарының денсаулығының мықты болуына бірден бір себеп – дейді белсенді жастардың бірі,аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Нұрсұлтан Биділдә.
Жалпы атқарылған жұмыстардың көлемі 100 шаршы метр ауланы тазалау, ескерткіш маңындағы ағаш және бағаналарды әктеу, сырлау жұмыстарынан тұрды.
Акция барысында 25 ағаш, 15 бағана әктеп,сырланды.
Мойынқұм ауданы
Дастан Аманқұлов