Өрт майданының жауынгерлері
1929 жылы Әулиеата қалалық әкімшілік-шаруашылық мекемелерінің басшылары жабық жиналыс өткізіп, «Әулиеата қаласын өрттен қорғау» мәселесін қарайды. Қабылданған құпия қаулыда қалалық кеңеске жедел түрде өрт сөндіру командасын және ерікті өрт сөндіру құрамасын құру, кәсіпорындар мен ұйымдарды өртке қарсы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу тапсырылыпты. Осылайша 1931 жылдың 27 шілдесі облысымызда өртке қарсы қызметтің құрылған күні болып саналады. Осы орайда бүгін біз өртке қарсы қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген бейбіт күннің батырларының өнегеге, ерлікке толы өмір жолдарына аз-кем үңілгенді жөн көрдік.
КЕҢПЕЙІЛДІ КЕҢЕСБЕК
Кеңесбек Абдрайымов 1978 жылы 10 ақпанда Байзақ ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 2002 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 2003-2006 жылдары Көкшетау техникалық институтында оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шығады.
Бүгінде Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. Азаматтық қорғау полковнигі I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, I, II, III дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгілерімен марапатталған. Жуалы ауданының табиғатының ерекше екендігі баршаға белгілі. Әп-сәтте боран ұйытқып, қар жауып, ауа райы күрт өзгеріп кетуі мүмкін. 2017 жылдың 17 ақпанында Жуалы ауданы, Көксай шатқалында №91678 әскери бөлімінің 17 әскери қызметкері қар көшкіні астында қалғандығы туралы хабар түседі. Хабар алысымен бөлім қызметкерлері оқиға болған аймаққа жолға шығады. Оқиға орнына жете сала әскери қызметкерлермен бірге іздестіру, қазу жұмыстарын бастап кетеді. Қызметтік міндеттерін мүлтіксіз атқарған Кеңесбек Өмірбекұлы бастаған топ он адамның аман қалуына себепші болады.
– 2016 жылы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы «Қаракөз» мейрамханасының шатыры өртенді. Дабыл қағылысымен жолға шықтық. Барсақ, қаулап жанып жатқан өрттің бірінші қабатқа өту қаупі бар екен. Қосымша күштерді шақырттық. Қосымша күштер келгенше 3 «Б» оқпанымен су шашып, сөндіруге әрекет жасай бердік. Жеке құрамның шапшаңдығы мен табанды іс-қимылының нәтижесінде тойхананың бірінші қабатындағы дүкендерге зиян келмеді. 23 адам қауіпсіз орынға көшіріліп, өрт толықтай сөндірілді, – дейді К.Абдрайымов.
ПОГОН ТАҚҚАН НӘЗІКЖАНДЫ
Өрт сөндіру қызметінде баспасөз саласының мамандарына артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ең алғашқы баспасөз хатшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі, сала ардагері Сәуле Әріппаевамен тілдескенімізде бастан кешкен түрлі оқиғаларды баяндап берді. – 2008 жылдың жаз айы. «Киров» суқоймасы жарылды» деген қауесет тарап, Тараз жұртшылығы жан-жаққа қашып, әбігерге түсті. Түн ортасында дабыл көтеріліп, қызметкерлер жұмысқа шақырылды. Маған жедел түрде облыстық телеарнадан сушаруашылығы саласының мамандарын шақыртып, халықты тыныштандыру мақсатында ақпарат беру керектігі жөнінде тапсырма берілді. Телеарнаға бет алғанда сырт жаққа үдере көшіп жатқан халықты көрдім. Кейбірі топырлап қайда барарын білмей жүр. Не болса да бара көрермін деп секемденіп, өзіме берген тапсырманы орындауға бет алдым. Келсем, облыстық телеарна ғимараты жабық екен. Тек күзетші ғана бар. Ішке кіріп, басшылығымен хабарласып, студияны дайындаттым. Оны ұйымдастыру да оңайға түспеді. Оператор болса, жүргізуші жоқ. Біреуі табылса, екіншісі жоқ. Студияға шығатын мамандарды табу тіпті қиынға түсті. Әйтеуір, тікелей эфирге шықтық. «Суқойма жарылды» деген жалған ақпарат тарағанын, қауесетке сенбеу керектігі жайлы айттым. Осылайша облыс жұртшылығына жағдайды жеткіздім. Мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды.
НҰРЛЫ ЖҮЗДІ НҰРБОЛАТ
Нұрболат Қадырханов – Т.Рысқұлов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы. Азаматтық қорғау полковнигі. Ол 1979 жылы 27 мамырда Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 2001 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 2003-2006 жылдары Көкшетау техникалық институтында оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шыққан.
2018 жылдың жаз айы өте ыстық болғаны белгілі. Ауа райының ыстық күндері дала өртінің тұтануы жоғары. Сондай күндердің бірінде аудандағы «Юбилейное», «Қорағаты», «Көкдөнен» ауылдық округтеріне қарасты құмды аймақта дала өрті оқиғасы тіркеледі. Өрт кең ауқымға таралып, желдің әсерінен өртті өшіру барысында қиындықтар кездесіпті. Нұрболат Маратұлының батыл шешімінің арқасында жеке құрам өрттің таралуына жол бермеген.
– Тағы бір оқиғаны айта кетейін. 2018 жылы 27 ақпанда Мақпал тауындағы қардың еруінен және мол жауған жауын-шашын әсерінен Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылындағы үйлерді су басу қаупі туындады. Төтенше жағдайды жою үшін апат орнына жеттік. Жағдайды барлап, қосымша күш шақырттым. Содан соң ұжыммен бірлесе су басу орнынан адамдарды қауіпсіз орынға көшірдік. Ауладан суды сорып шығарып, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргіздік.
Нұрболат Маратұлы II, III дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгілерімен марапатталыпты.Иә, кез келген төтенше жағдай, оқыс оқиға кезінде халықтың амандығы үшін басын бәйгеге тігетін өртсөндіруші-құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке болсын лайықты. Сондықтан Нұрболат Маратұлы айтып өткендей, бейбіт күннің батырларының есімін ұлықтап, құрмет көрсету аса маңызды іс.
ЭЛЬМИРА БАЙНАЗАРОВА