Әскерге барсаң тісің ауырмайды
«Адамда алдымен өзінің қажеттіліктері төңірегінде ғана қызығушылығы болады, өзінің ауырған тісінің уайымы елдегі аштық пен апаттан зәрлірек». Дейл КАРНЕГИ
«Ертеректе Шерағаның бір жазбасынан оқып едім. Онда былай деп Қалтай айтады: «Өркениетті елдерде – адамның басымен ісіне қарайды, ал біздің елде – шашы мен тісіне қарайды», – деп. Шынында да қазір адамдар тіске көп назар аудара бастады. Тағы бір байқағаным, біздің қазақтар көбіне екі жағдайда тісін емдетуге келеді. Бірінші – тісі ауырып, мазасын ала бастағанда. Екінші – той жасарда немесе құдалыққа барарда. Және бәрін тезірек үш-төрт күннің арасында бітіріп беруді талап етеді. Айналайын-ау, соншама уақыт қараусыз қалған тісті 2-3 күнде қалай тез бітірерсің. Оны алдымен емдеп, сонан соң тазалап, пломба салу керек. Қажет болса қаптау керек деген сияқты жұмыстар жасалу керек емес пе? Әр процестің алатын уақыты бар деген сияқты. Ал бізде қалай ауырғанға дейін немесе тойға шақыру қағазы келгенше еренсіз жүре береді.
Негізі біздің қазақтар ертеректе тіске өте қатты назар аударған. Халқымыз данышпан халық қой. Тістің адам ағзасына тигізер пайдасы мен ауру тістердің залалын білген ғой. Бала кезден-ақ тісті таза ұстауды басты назарда ұстап келген. Тіс пастасы жоқ замандарда тұзбен шайып, тістің арасын аршамен тазалап отырған. Аршаның керемет қасиетін, арша ағашынан шығатын жұпар иісімен қоса тістің арасын, қызыл иекті зақымдамай, кәдімгідей массаж жасап, тазалап отыратынын қалай білген десеңізші. Бақуатты адамдарда аршадан жасалған тіс тазартқыштар мен мисуаққа арналған құтылар, яғни футлярлары болған.
Мұның бәрін неге айтып отырмын. Тістің адам өмірінде алатын орнының ерекшелігін жеткізу үшін айтамын да. Қазақта тіске байланысты «Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас», «Тісің барда бір ысқыр, мұрның барда пысқыр», «Тіссіз иекке быламық та тиек», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды», «Босаған тісті жұлу керек», «Тісі бардың – ырысы бар», «Анасы ащы алма жесе, баласының тісі қақсайды» деп кете береді. Осы жоғарыдағы мақал-мәтелдің бәрі халқымыздың мыңдаған жылдан жинаған өмірлік қағидаларының қорытындысы. Қай мақалды алсаң да өмірлік шындықтың көрінісі көрініп тұрады. Мысалы, «Тісің барда бір ысқыр» деген тіркесті алсақ, тісің жоқ болса қалай ысқырасың? Бұл енді тікелей қабылдауда, ал ауыспалы мағынасында – жағдайың дұрыс болса, айтқаныңды істетесің дегенге саяды. «Анасы ащы алма жесе, баласының тісі қақсайды» деген тіркеске келсек, құрсақта жатқан бала анасының жеген тағамдарымен қоректенеді. Ең ғажабы, іштегі шақалақ өзіне қажетті фтор, кальций, фосфор сияқты элементтерді анасының тісінен алады екен. Бұл бүгінде ғылыми негізде дәлелденген. Ал осыны біздің бабаларымыз қалай білген десеңізші. «Аузыңды ашық ұстама, жылы ұста» деп апалар жас босанған әйелдерге ескертіп отыратыны тегін емес екен.
Қай мақалды алмаңыз, тұнып тұрған философия мен адам өміріне қатысты маңызды мәселелер. Таңғаларлық керемет емес пе?».Мұны айтып отырған тіс емдеу саласымен айналысып келе жатқанына 40 жылдан астам уақыт болған стоматолог, «Медицина саласының үздігі», тағы да басқа марапаттардың иесі Әскербек Құлжанбеков.Байзақ ауданының қуыстағы Қусақ атты ауылында шашы желбіреген көп баланың бірі – Әскербектің бала кезден бергі арманы дәрігер болу еді. Рас, бірден дәрігер болуды армандамады. Алдында заңгер болсам деп қиялдады. Кейін 8-сыныпқа келгенде анасы Ханшайым апаның жиі ауыра беретінін байқаған бала жүрегі бірден дәрігер болам деп шешеді.
Сол кезден бастап химия, биология, анатомия сабақтарын індетіп оқи бастайды. Дегендей-ақ 1971 жылы мектепті жақсы аяқтап, арман қала Алматыға аттанады. Алматыңызда Әскербек қашан келеді деп құшағын жайып күтіп отырған мединститут жоқ, институт алды толған өзі сияқты ығы-жығы қыздар бен жігіттер. Байқаса, «Емдеу ісі» факультетіне конкурс тартысты болатын түрі бар. Бір орынға 15-16 үміткер, стоматологияда – 7-8 екен. Тәуекел деп стоматология мамандығына құжаттарын тапсырады. Бағы жанып, екі жылғы зор дайындықтың арқасында барлық пәннен жоғары баға алып, ойнап жүріп Алматының медициналық институтының, қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универиситеті жанынан 1959 жылы ашылған стоматология факультетінің студенті болып шыға келеді. Оқуды бітірер кезде тағы бағы жанып, сол кездегі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы, атақты дәрігер Жамал Аппасова апаймен институт алдында кездейсоқ жолығып қалады. «Елге қайтсам, анама дәрігерлік қызметімді көрсетсем» деп армандап жүрген бозбала Жамал Ақмедиқызына «Апай, мен Жамбылдан едім, оқу бітіріп жатырмын. Туған еліме қайтқым келеді, мұнда мені Семейге жіберетін сияқты» деп арман-шерін айтады. Сөзге келместен Жамал апай: «Қазір комиссияға кіргенде маған белгі бер», – дейді. Комиссияға кіргенде Әскербек келіскен белгісін апайға береді. Сонда ол кісі: «Мына Әскер деген студентті біз осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы оқуға жібергенбіз. Енді бұл бала оқуын бітірді, Жамбылға қайтуы керек», –деп мәселені қабырғадан қояды. Маманын іздеп келіп тұрған республикаға танымал дәрігердің сөзін қалай жерге тастасын, комиссия бірден келісім береді. Жамал апайдың арқасында Әсекең туған жеріне топ ете түседі. Сол жылдан бері табаны күректей 30 жыл Байзақ аудандық емханасында қызмет етті. Қатардағы дәрігерден бастап, аудандық стоматологиялық емхана басшысына дейінгі қызметтік баспалдақтың бәрінен абыроймен өтті.
Әскербек Құлжанбековтің қырық жылдан астам еңбегі нәтижесіз де емес. Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып та жатыр. Республика, облыстық деңгейде алған марапаттарынан бөлек, «Қазақстан стоматология ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі берген «ІЗЕТ» орденінің алар орны ерекше. Еңбек жанды, бағаланды, құрметке бөленді деген осы емес пе?
АСҚАРБЕК АҚЫЛШАҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі