Заң

Қаржы пирамидаларының арбауына түспеңіз!

Талай отбасыны ойрандаған, талай адамның ғұмырына балта шапқан қаржы пирамидасы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Оңай жолмен ақша табуды көксеген топтар түрлі алаяқтық жолмен талайды еліктіріп, алдап-арбап, торына түсірді. Зар еңіреп қалған адамдар қаншама. Оңай олжаға құнығып, қызметін тастап, ақырында далада қалған пенделер де көп. Өзі ғана емес, пирамидалық жүйеге жалғаған серіктерін де адастырып, қарызға белшеден батырып кеткен алаяқтардың көбі бүгінде тұтылды. Абақтыға қамалды. Әлі күнге ұстатпай қашып жүргендері де жетерлік.

Қаржылық алаяқтықтың қармағына жастардың ілінуіне тосқауыл болу маңызды мәселе. Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік уиверситетінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мен Maqsut Narikbayev University ұйымдастырған «Қаржы пирамидаларын қалай анықтауға болады?» тақырыбында онлайн-форум өтті. 

Онлайн-форумға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мадиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, облыстық әкімдіктердің, Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың басшылығы, белгілі медиа тұлғалар мен танымал блогерлер қатысты. 

Іс-шараға облыстағы жастар қозғалыстары мен волонтерлер, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер жиналды. 
Алаяқтықтың алдын алып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған форумда спикерлер көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Ал бейінді министрлік өкілдері алаяқтықпен қоғам болып күресу керектігін атап өтті.

 


Бірнеше сағатқа созылған форум барысында «Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады?», «Қаржы пирамидаларының белгілері қандай?», «Қаржы пирамидалары мен инвестициялық алаяқтықтың алдын алу себептері мен әдістері», «Әлеуметтік желілердегі мінез-құлық ережелері және қандай жарнама үшін жаза қолданылады?» деген тақырыптар бойынша баяндама жасалды.
Бүгінгі таңда Қаржылық мониторинг агенттігі интернетте заңсыз мазмұнды контентті іздеуді және бұғаттауды автоматтандырды. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайт пен қаржы пирамидаларының белгілері бар аккаунттар бұғатталған. 

Форум қатысушыларына қаржылық пирамидалардың арбауына түсіп қалмау үшін халықтың қаржылық, құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру керек екені түсіндірілді. Мұндай қиындықпен қарсы келген жағдайда белгілі заң орындарына жүгіну керектігі жеткізілді.

Ақтоты Жаңабай