Жаңалықтар

Вегетация кезеңіне дайындық ойдағыдай

Елімізде вегетация кезеңі басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты кезеңді ойдағыдай өткізу мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды.

Брифингте алдымен Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының су қорын қорғау бөлімінің басшысы Ербол Жүнісбеков баяндама жасап, трансшекаралық өзендерден су алу мәселесіне тоқталды.Спикердің айтуынша, облыстың су ресурстары Шу және Талас трансшекаралық өзендерінің беткі ағысы есебінен қалыптасады. Жалпы ресурстар Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасқан. Өзендерді пайдалану 1983 жылғы 23 ақпанда бекітілген «Шу өзені мен Талас өзенінің ағынын бөлу туралы» ереже бойынша жүзеге асырылады. Осы ережеге сәйкес бұл өзендердің су ресурстары пайыздық қатынаста бөлінеді. Тарқатып айтсақ, Талас өзенін қос ел теңдей 50 пайыздан бөліп пайдаланып отырса, Шу өзенінің 42 пайызы Қазақстанның, 58 пайызы Қырғыз Республикасының жерін ылғалдандыруға жұмсалады.


Спикер өз сөзінде бүгінгі таңда суды жинау толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.Мұнан соң «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева баяндама жасап, суару маусымына дайындық барысын баяндады.Спикердің айтуынша, филиал теңгерімінде барлығы 496 гидротехникалық құрылыс бар. Атап айтқанда, жалпы су жинау көлемі 841 миллион текше метрді құрайтын 7 суқойма, 2 су бөгеті, 11 су торабы, ұзындығы 2177,631 шақырымды құрайтын 349 канал, ұзындығы 407 шақырым 81 коллектор жүйесі, 46 ұңғыма бар екен.– Суармалы маусымға дайындық жұмыстары аясында облыс аумағындағы филиалға тиесілі ұзындығы 75,3 шақырым 22 каналға механикалық тазалау, 18 бетонды каналдардағы жыраларды бетондау, 7 каналдың жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді.


Ғалия Ғаббасқызының сөзіне сүйенсек, Шу және Мойынқұм аудандарын сумен қамтамасыз ететін «Тасөткел» суқоймасы 100 пайызға толы. Жалпы көлемі 474 миллион текше метр қоймада су тапшылығы болмайды деп күтілуде.«Теріс-Ашыбұлақ» суқоймасы 93 пайызға толтырылған. Су тасқынының алдын алу мақсатында суқоймасы транзиттік режимде жұмыс істейді. 
Қордай өңіріндегі «Қарақоңыз» және «Қақпатас» суқоймалары 99 пайызға толған. Олар да транзиттік режимде жұмыс істейді, су Шу өзеніне құяды. Ақкөл көлі 34 пайызға толы.
Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан «Киров» суқоймасы 82 пайызға, нақтырақ айтсақ, 449,46 миллион текше метрге толған.«Ынталы», «Бүркітті» және «Жартас» суқоймалары бойынша жағдай орташа жылдық көрсеткішке сәйкес келсе, бұл қоймаларда да су тапшылығынан қауіп жоқ.Өткен жылы ағын судың қат болуына байланысты облыстың бірнеше ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Алдын ала болжамдарды, сондай-ақ су ресурстарын кеңінен қысқарту үрдістерін ескере отырып, филиал 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша шаралар кешенін әзірледі. Орташа көп жылдық су мөлшерімен 90 мың гектар аумаққа 682 миллион текше метр су беру жоспарлануда.

Ақпан-наурыз айларында аудан әкімдерінің халықпен есеп беру кездесулерінде диқандарға егінді орналастыруды «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының өндіріс орындарымен үйлестіру, ылғалды көп қажет етпейтін дақылдарды орналастыру ұсынылған. Бүгінгі таңда 60 397 гектар аумақты сумен қамтамасыз ету бойынша 2 798 келісімшарт жасалған.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ