Шуда биыл 100 отбасы баспаналы болады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады.
2024 жылдың 4 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасыпты. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 10 289,6 миллиард теңге болған. Ал ауылшаруашылығы өнімінің көлемі – 6 566,9 миллиард теңге, инвестиция көлемі 17 840,2 миллиард теңгені құрапты. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Шу ауданында 2019 жылдан бастап 5 ауылдық округте жүйелі жұмыстар атқарылған. Жобаның бес бағыты бойынша 715 өтінім қарастырылып, тұрғындарға барлығы 4,2 миллиард теңге несие берілген.
– Жоба аясында 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Сонымен қатар 452,1 миллион теңгеге 49 ауылшаруашылық техникасын сатып алуға өтінім беріп, 40 техникасы жеткізілді. Алдағы уақытта 9 техника кооператив төрағаларына ұсынылады. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 адам 34,6 миллион теңге несие алып, жұмыс істеуде.2024 жылы жоспарға сәйкес пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары 10 000 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге 3 653 гектар жер қайтарылды.
Ауданда тұрғын үй кезегінде 1 747 азамат тіркелген. Соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Өткен жылы Шу қаласынан 30 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Аталған жобаның бір ерекшелігі – тұрғындар алған пәтерлерінің 30 пайызын алдын ала төлесе, қалған бөлігін 5 жылға пайызсыз төлейтін болады.
Ауданда 35 елді мекеннің 27-сі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған екен. 2024 жылы 24 жоба бойынша 73 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Анар ӘУЕСБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
3-курс студенті