«Әрқашан күн сөнбесін!»
Бала – біздің болашағымыз. Біздің мейіріміміз бен махаббатымыз балалардың келешегінің іргетасын қалайды. Жақсылықты көріп өскен бала есейгенде өзі де өзгелерге жақсылық жасап, жанашырлық танытуға бейім, ұлтжанды болып өседі. Баланы махаббатпен тәрбиелеп өсіру олардың келешегіне тікелей әсер етеді.
Осы орайда Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Әрқашан күн сөнбесін!» атты мерекелік кеш өтті.
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 100-ден аса тәрбиеленушісінің қатысуымен өткен іс-шара «Шабыт» би ансамблі мен «Ару» би студиясының би шашуымен ашылды.
Мерекелік кеш барысында Тараз қаласындағы №62 орта мектептің оқырмандары, «Бүркітәлі» орта мектебінің өнерпаздары өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері балалармен «Кім тапқыр?» және «Әріптер сөйлейді» интеллектуалды ойындарын ойнап, би биледі. Іс-шараға белсене қатысқан оқырмандарға алғыс хат беріліп, балмұздақтар таратылды.
Кеш соңында «Бар мейіріміміз балаларға» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Көрмеде балалардың қызығушылығын тудыратын қазақ және шетел ертегілері мен танымдық энциклопедиялар қойылды.
Анар ДҮЙСЕНОВА,
Д.А.Қонаев атындағы
облыстық балалар мен
жасөспірімдер кітапханасының
балаларға қызмет көрсету
секторының меңгерушісі