Балаларға бақыт сыйлады
Халықаралық балаларды қорғау күні – ерекше қуаныш пен мейірімге толы шуақты мереке. Жаз айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы мерекеге орай «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Бірлік – бақытты балалықтың кілті» атты балаларға арналған мерекелік концерт өтті.
Алдымен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге мерекелік ақ тілегін арнады.
Бұл күні аталған мекеме айналасы балалардың күлкісі мен қуанышына бөленді. Балғын бүлдіршіндер үшін арнайы дастарқан жайылып, тәтті тағамдар үлестірілді. Сондай-ақ цирк әртісі Талап Таубеков пен «Балауса» цирк ұжымының өнерпаздары қызықты шоу бағдарламаларын ұсынды. Әсіресе ұзындығы 3 метр жыланмен билеген цирк әртісі Дилана Жорабекованың өнеріне балалар мәз-мейрам болды.
Одан кейін балалар мекеме ауласына шығып, асфальтке сурет салып жарысты. «Болашағымыз жарқын – Қазақстан» атты сурет сайысында балалар еліміздегі бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісім мен бақытты балалық шақты бейнеледі.
Жас қаламгерлердің туындыларына мекеме басшысы Мүбарак Қасымқызы, көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева, дизайнер, суретші, «Тараз суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, «Қолөнер-Тараз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елена Голубинская бағасын берді. Қазылар алқасының шешімімен 10 жасар Ангелина Плетнева және 7 жасар Мухамад Құдайбергенов І орынды иеленсе, байқаудың ІІ орнына 10 жастағы Хабиба Мамедова және Иделия Ельбрусова лайық деп табылды.
Ал ІІІ орын
5 жасар Салим Турдыев пен Айша Шариповаға және 10 жасар Леонид Канға бұйырды.
Мерекелік іс-шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
«AR-AI»-ақпарат