Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасы
«Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған қазақ халқы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту етеді. Ел бірлігі – ең асыл қасиет.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мыңбұлақ ауылдық округі көпэтносты елді мекеннің бірі. Ауылдық округтің орталығы Көлбастау ауылында тілі басқа, тілегі бір, түрі басқа, жүрегі бір өзге этнос өкілдері ауызбіршілікте ғұмыр кешуде. Ауылдағы өнегелі отбасының бірі – Мамедовтер жанұясы. Отағасы Хамбалла Мамедов, өкінішке қарай, ортамызда жоқ. Екі жыл бұрын өмірден озған. Түркістан облысында туып-өскен. Ал отанасы Базаркүл Дөнешқызы Түркістан облысы, Алғабас колхозында дүниеге келген. Екеуі өмірге төрт ұл-қызды дүниеге әкеліп, әрқайсысын мамандық иесі атандырып, құтты орындарына қондырған. Қыздары Зарина Шымкент қаласында мұғалім, Билора Түлкібас ауданында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Ал ұлы Арман аудандық орталық ауруханада хирург болып қызмет етеді. Кіші қызы Эльенора Шымкент қаласында медбике болып жұмыс істейді.
Бұл жанұяның басты құндылығы – еңбекті жоғары бағалауында. Өмірлік ұстанымдары да бірлікте, ауызбіршілікте ғұмыр кешіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Балаларына әке жолымен адал еңбек етіп, адами қасиеттерді бойына сіңіріп, түзу жолмен жүруді үйретеді. Өздерінің таңдаған мамандығының маманы болып, пайдалы іспен айналысуларын қолдайды.– Ата-анам жастайынан еңбекке араласқан жандар. Ата-бабамызды Иран шекарасынан жер аударып жіберген. Әкемнің әулеті сол тұстағы солақай саясаттың салдарынан туған жерлерінен жырақтап, қазақ жеріне келген. Сол замандары қазақ халқы жер аударып келген әкемнің әулетіне есігін айқара ашып, бір нанды бөлісіп жеген. Қонақжайлылықтарын танытып, бауырмалдық көрсеткен. Әкем қазақ халқының қамқорлығын үнемі айтып отыратын.
Біз Түркістан облысы, Алғабас колхозында тұрғанбыз. Әкем колхозда өмір бойы жұмыс істеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Отбасында 6 ағайындымыз. Бүгінде әрқайсысы бір-бір жанұяның иесі болып, өсіп-өніп отырған жайы бар.
Еңбек түбі – береке. Анамыздың жастайынан еңбек етіп, абыройға бөленгенін көріп өстік. Біз де қолымыздан келгенше жұмыс істедік.
Өзім Түркістан қаласындағы оқу орнында медбике мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Еңбек жолымды Тұрар Рысқұлов ауылындағы ауруханада медбике болып бастадым. 1982 жылы Хамбалла Мамедовке тұрмысқа шығып, отбасылы болдым. Жолдасым фармацевт. Қызмет бабымен әр өңірде жұмыс істедік.1994 жылы Көлбастау ауылына көшіп келдік, содан бері 30 жылдай уақыт осында бақытты ғұмыр кешудеміз.
ЛАУРА МҰСАБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы