Сергектікті серік еткен ардагерлер
Сергектікті серік ету жас талғамайды. Жуырда ардагерлер арасында облысымыздың 85 жылдығына орай облыстық спартакиада өтуі – осы сөзіміздің айғағы. Байрақты бәсекенің басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастарға тәлім-тәрбие беру.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен спартакиадаға барлық ауданның және Тараз қаласының командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ардагерлердің қоғамда алатын орнына тоқталды. Өңірімізде спорт саласына барынша қолдау көрсетіліп жатқанын айта келе, спортшы ардагерлерге сәттілік тіледі.
Сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев еліміздің өсіп-өркендеуі, бейбіт өмір кешуі ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы екендігіне баса назар аударып, ардагерлердің биік мәртебеден көріне беруіне өз тілегін білдірді.Бұдан кейін жарыс көрігі қыза түсті. Қатысушы командалар спорттың 8 түрінен сынға түсті. Тартысқа толы болған бәсекеде волейболдан I орынды Тараз қаласының командасы еншілесе, жүлделі II, III орындарды Жамбыл, Байзақ аудандарының командалары өзара бөлісті.
Ерлер арасында Виктор Устинов дойбыдан, Шахтыбай Байғонов үстел теннисінен, Мейрамқұл Ноғайбаев тоғызқұмалақтан, әйелдер арасында Наталья Синенко дартстан, Күлжамила Адилова үстел теннисінен жеңімпаз атанды. Қанымкүл Бесінбай шахматтан, Асқар Нұрманов дартстан, Гүлназ Каримжанова дойбыдан, Расылхан Мейрамқұлов асық атудан, Абдулла Машенло шахматтан, Майлыбек Атшабаров бильярдтан қарсылас шақ келтірмеді.Жалпыкомандалық есепте I орынды Тараз қаласының командасы иеленді. II, III орындарға Жамбыл, Қордай аудандарының командалары табан тіреді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын алған ардагерлер арнайы медальдармен, дипломмен марапатталып, командаларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Спортшылар мен жанкүйерлерге арнап Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен «Әулие ата» ардагерлер ансамблі әннен шашу шашты.
Қызықты да тартысты өткен спорт бәсекесінде әрбір тағылымды істері жастарға үлгі-өнеге бола білген шымыр да сергек аға буын өкілдерінің шын мәнінде қолынан көп нәрсе келетіндігін тағы да бір рет дәлелдеді.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер
кеңесінің мүшесі