Кәсіп

«Даму» қорының қолдауы қомақты

Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге немесе кәнігі майталман бизнесмендерге мемлекеттің қолдауы аса маңызды. Түрлі жеңілдетілген несиелер кез келген кәсіпкер үшін ауадай қажет. Өңіріміздегі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының осы орайда кәсіпкерлерге көмегі орасан.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы 1997 жылы құрылды. Бүгінде филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – шағын және орта бизнесті дамыту. Қор биылғы жылдың ақпан айынан бастап отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастады. Бағдарлама экономиканы қаржыландырудың балама жолы ретінде қор нарығын дамытуды көздейді. Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдірді. «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Қор биржасы» сынды 6 бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, агросаладағы қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Бағдарлама бойынша алғашқы 3 жыл кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді. 

Ал «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік» бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7-10 пайызды құрайды. Кепілдік сомасы несие сомасының 85 пайызына, яғни 360 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 1,5 миллиард теңгеге дейін алуға болады. Жеке кәсіпкер Юлия Цой «Даму» қорының қолдауының арқасында 2001 жылдан бері ісін дөңгелетіп келеді. Кәсіпкер «Coffeе-Coffee» балалар ойын-сауық кешенін ашқан. Ғимаратта үлкен кең зал, жазғы терраса мен мейрамхана, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған үлкен ойын алаңы, 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған шағын ойын алаңы, VIP-кабиналар халыққа қызмет көрсетеді. Онда ата-аналар балаларының туған күндерін немесе кез келген мерекені тойлай алады. Юлия Цой 2023 жылы 8 жастан асқан балалар үшін компьютерлік клуб ашуды көздейді. Себебі ересек балалардың ойын алаңында ойнауға қызығушылығы бола бермейді. Осы мақсатта Юлия Дмитриевна «Даму» қорының облыстық филиалынан толық кеңес алып, «ForteBank» акционерлік қоғамына несие алу үшін жүгінген. Несиенің пайызын «Даму» қоры «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидиялайды. 


Тағы бір «Дамудан» өз үлесін алған жамбылдық «VESTRI MEDICUS» медициналық орталығын 2020 жылы дәрігер Айнұр Абдурасилова ашқан. Айнұр оны жұбайымен бірге басқарады. Медициналық орталық аптаның алты күнінде екі ауысымда сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Халық тарапынан білікті диагностикаға әрқашан сұраныс жоғары. Әсіресе ультрадыбыстық зерттеу мен әр саланың өз мамандарына қаралғысы келетіндер легі азайған емес.


Сәуір айынан бастап «Halyk Bank» пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қазақстандық кәсіпкер арулардың бизнесін жеңілдікпен қаржыландыруға бағытталған «Үміт» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 5,5 миллиард теңге бөлді. «Үміт» бағдарламасы аясында Қазақстанның іскер әйелдері 100 миллион теңгеге дейінгі қаржыны 7 жылға дейінгі мерзімге 16,5 пайызбен ала алады. Несие инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Эльмира Байназарова