Мәдениет

Менің Әкем майдангер

Соғыс. Естіген құлаққа салмағы ауыр, ызғары қатты осы бір сөздің адамзатқа әкелген қасіреті қаншама. Бейбіт елдің берекесін қашырған да осы – соғыс. Соғыс зардабын, қайғы-қасіретін, жан жарасын ешкім де ұмыта алмайды. Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 79 жыл толды. Осы тұста әкемнің де Отан қорғау жолындағы жанкештілігін, ел мен жерді азат ету үшін жаумен күрескен ерлік жолдарын оқырманға жеткізгім келеді.

Әкем Мектеп Дүйсембиевтің туғанына биыл 9 мамырда 100 жыл толды. Бала күнімде әкем өмір жолын, соғыстағы жылдарын жиі айтып отыратын еді. Бірде әңгіме барысында алты айлығында ата-анасыз жетім қалғанын айтты. Ата-әжем кезінде аштықтан қайтыс болған екен. Әкесі мен шешесінің жансыз денесінің қасында киіз үйде жорғалап жүрген періште сәбиді баласы жоқ туысқан жеңгесі бауырына басқан. Ешкімнен кем қылмай өсіріпті. Алайда әкем майдандағы жылдары туралы көп сөз қозғағанды ұната бермейтін. Себебі соғыс даласында жоғалтқан жолдастарын еске алу оңайға соқпайтын. 
19 жасқа таяған шағында әкем Ташкент шаһары арқылы майдан даласына аттанады. 13-механикаландырылған танк дивизиясының сапер взводының құрамында командир болды. Байырғы Ленинградты, Новгород маңы мен Выру қаласын және Эстония аумағын жау тастаған минадан тазартуға күш салды. Туған топырағына 1954 жылы Аустриядан оралды.

Қатал тағдырдың түрлі сынағына мойымаған ардақты әкем өзі көрген қиындықтар туралы ләм-мим деп жақ ашқан емес. Тірісінде толғанып тұрып: «Сендер бақыттысыңдар, ата-аналарыңды көрдіңдер. Мен әке-шешемнің түрін де білмеймін», – деп сыр шерткенде жанарында әлдебір өкініш пен сағыныштың табы тұратын. Асқар тауымның көзін көргендер әкемнің адал азамат болғанын тамсанып айтып жататын. Әкем майдан даласынан аман-есен оралғанымен соғыс салған жүректегі жараның ізі жазылған емес. Жастық шағы мен мықты денсаулығын майдан шебінде қалдырды. Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын әкеміздің мейірбан бейнесі мәңгі жадымызда қалатыны анық.

Отан үшін от кешкен Мектеп Дүйсембиевтің соғыстағы ерліктері елеусіз қалған жоқ. Көптеген орден-медаль омырауында жарқырады. Әкемнің жанкешті ерліктері Ресейдің «Соғыс батырлары» сайтында тайға таңба басқандай анық сақталған. Асқар тауымыздың аты-жөні Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы мемориалдық тақта мен Жаңатас қаласындағы тақтаға жазылған.

Әкем бейбіт заманда да елге көмектесуге, қол ұшын созуға құлшынып тұратын. Бір күні ол сымға ілініп, бағанаға асылып қалған жасөспірімді құтқарып қалды. Өз өміріне қауіп төнерін біле тұра көмекке ұмтылған әкеме бәрі таңырқай қарады. Баланың ата-анасының ризашылығына қарапайым қалпымен әкем: «Менің орнымда кім болса да осылай жасар еді», – деп жауап қатты.
Әкем өте білімді азамат болатын. Көзі нашар көрсе де елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыру үшін газет-журналды көп оқитын. Көру қабілеті төмен болды, бірақ құлағы жақсы еститін. Сондай-ақ жасы 80-ге келсе де атқа мініп жүретін.

Адамдармен араласқанды жақсы көретін. Еңбекқор ауыл адамдары туралы үнемі ризашылықпен айтып отыратын. Бір жолы базар аралап жүргенде ауылдастарын кезіктіреді. Ұзақ сөйлесіп тұрып: «Айналайын ауылым, сен болмасаң, қаладағылар немен тамақтанар еді?!» – деп сүйсіне сөз айтқаны есімде.Ардақты әкем тірі болғанда 9 мамыр күні 100 жасқа толатын еді. Амал нешік, жүрегіне соғыс түсірген сызат жанын ауыртпай қойсын ба? Біраз жыл бұрын фәни жалғанмен қош айтысты. Алайда оның бейнесі мәңгі жадымызда қалады.

Алтынкүл ДҮЙСЕМБИЕВА,
еңбек ардагері