Жастар

Хит әндерімен танылған сарбаз

«Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Өнерде шек болған емес, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік стилімен, өзгеше дауысымен ерекшеленіп, ән әлеміне жаңа леп әкелген жас әншілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімді қызметтің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Ғалымжан Дүйсенғазин.

Ғалымжан талай жасты талантымен таңғалдырған жас әнші. «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысы. Қазіргі уақытта «Gakku» арнасындағы «Это девочка по-порядна» әнінің бейнебаяны 22 миллионға жуық қаралым жинаған.Ғалымжан Дүйсенғазин 2003 жылы Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Отбасында үлкен әпкесі мен ағасы бар. Жас таланттың негізгі мамандығы режиссер болғанымен болашағын әншілікпен байланыстырады.

Әнге деген қызығушылық пен құмарлық Ғалымжанның бойынан бала кезінен бастап көріне бастаған. Ғалымжанның атасының да домбырамен тамылжыта ән айтатын қасиеті болыпты. Інісінің өнерге жақындығын байқаған ағасы Бақтияр туған күніне гитара сыйға тартқан екен. Мектепті 2020 жылы аяқтаған ол өзінің алғашқы әндерін жазуды бастайды. Халықтың көңілінен шығып, хитқа айналған әнін 2021 жылы жазып, тыңдармандарға 2023 жылы жол тартқан. Әуезді ән аз ғана уақыт ішінде тыңдармандары арасында кең тарап, көптеген жақсы пікір қалыптастырды. Енді таныла бастаған жас жұлдыз әскерге шақырту келгенде ойланбастан Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген. 

– Өнер – таусылмас қазына. Әскерге дейін әншілікпен айналыстым. Бірі білсе, бірі біле бермейтін «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысымын. Бұдан басқа қоржынымда әскерге дейін де және әскер қатарында жүріп те жазған бірнеше әнім бар. Алдағы уақытта тың туындыларымды халықтың назарына ұсынатын боламын, – деген жауынгер әскери қызметі жөнінде де баяндап берді.


Ал 5513 әскери бөлімінің тәрбие жөніндегі қызметкері Салтанат Әзімханның айтуынша, мұнда жауынгерлердің қалауына еш шектеу қойылмаған.

– Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойынан Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіздігімізді қорғау, ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында бүгінде әскерге шақырылушылардың қатары өсуде.Әсіресе Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің қатарында қызмет еткісі келетін жастар легі көп. Бірқатары әскери борыштарын өтеп те жүр.

Қазір ҚР ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде 600 сарбаз әскери борышын өтеуде. Осы айдан бастап қатардағы 300-ден астам жауынгер запасқа шығарылпады. Ұлттық ұланның әнші сарбазы да үйіне қайтып өнерін өрістетуге дайын. Ғалымжан Дүйсенғазиннің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ