Елдігіміздің нышанын қадірлеу – әр азаматтың парызы
Облыс әкімдігінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды комиссия төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ашып, жүргізді.
Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылуына жүргізілген тексеру қорытындысы туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекеттік рәміздерді жыртылған, кір, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Алайда тексеру нәтижесінде бірқатар бұзушылық анықталған. Айтуынша, комиссия 13-24 мамыр аралығында 312 мекемеге барып, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануына зерделеу жұмыстарын жүргізіпті.
– Нақтырақ айтсақ, №3 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің, №2 орта мектептің, №24 бөбекжай бақшаның, Жуалы ауданындағы №15 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Т. Рысқұлов ауданы, Ақниет ауылдық округі әкімі аппаратының, Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының, Сарысу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің, Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар департаментінің, Жамбыл аудандық қазынашылық басқармасының, Мойынқұм ауданындағы Абай атындағы орта мектептің ғимаратына орналастырылған Мемлекеттік Тулар тозған. Сонымен қатар Елтаңбасы да ескірген мекемелерді атап өткім келеді.
Сондай-ақ басқарма басшысы аталған кемшіліктер зерделеу жұмыстары аяқталғанға дейін түзетілгенін, екінші мәрте мұндай олқылықтарға жол беруге болмайтынын жеткізді.
Мұнан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысы білім беру мекемелерінде Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жай-күйі туралы баяндама жасады. Айтуынша, 389 білім беру мекемесі басшыларының кабинеттерінде Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және 245 кітапханада Мемлекеттік рәміздер бейнеленген арнайы бұрыштар жасақталған. Сондай-ақ жас жеткіншектердің бойына отансүйгіштік, ұлтжандық қасиеттерді дарыту мақсатында 2 265 кабинетте Мемлекеттік рәміздер бейнеленген бұрыштар орналастырылған екен.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА