Брифинг

Тегін спорт секциялары - мол мүмкіндік

Халықты спортқа тарту, ұлттық құндылықтардың құнын құлдыратпай бағалауға бейімдеу және оны миллиондаған халық үшін қолжетімді ету мақсатында 2021 жылдың 1 мамырынан бастап бүкіл елде мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі іске қосылды. 2023 жылдың қаңтарына дейін мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру аrtsport.kz «SoftDeCo» ЖШС платформасында жүзеге асырылды. Ал 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру «damubala.kz.» сайты арқылы қолжетімді.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы директорының орынбасары Оразхан Әшірбеков осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік спорт пен шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі бойынша облысымызда 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ауқымды жұмыстар атқарылған.

– Қазіргі таңда спорт сарайында жүзу, таеквондо, көркем гимнастика, футзал, баскетбол, греко-рим күресі, дзюдо, бокс, классикалық волейбол сынды спорттың 9 түрінен секция ашылған. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап спорттық би секциясы әртүрлі жағдайға байланысты жұмысын тоқтатты. Спорт сарайында балаларға спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Спортзалдар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Секцияларға қатысу 2 ауысымда жүреді. «Damubala.kz.» платформасын республика бойынша қаржыландыру белгісіз себептермен тоқтап тұруына байланысты қазіргі таңда кезекте тұрған 320 балаға ваучер беріліп жатқан жоқ. Ал «АrtSport» бойынша осы уақытқа дейінгі тіркелген 678 баламен жұмыс жалғасуда, – деген Оразхан Жанайұлы секцияларға тіркелу үшін не істеу керектігін түсіндірді. 

Жүйеге тіркелу арқылы балаңызды өзіңіздің тұрғылықты орныңызға жақын жерде орналасқан спорттық, шығармашылық бағыттағы тегін үйірмелерге еркін тіркей аласыз. Платформа арқылы тіркелу төрт сатыдан тұрады. Бірінші басқышта баланы тіркейсіз, одан кейін қалауыңыздағы үйірмені таңдап, сабаққа жазыласыз. Соңғы сатыда баланы секцияға тіркеу аяқталғанын бақылап отыру керек.
Тегін үйірмеге тіркелу барысында ЭЦП кілттің болуы шарт. Сондай-ақ тіркелу барысында ата-ананың жеке куәлігінің көшірмесі мен баланың туу туралы құжаты сұралады.

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ