Әлеумет

Фосфогипс қалдығы 17 миллион тоннадан асты

Өңір экономикасын алға қарай ілгерілету үшін өңірдің өндіріс, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес секілді негізгі салаларын әртараптандыру, әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беру аса маңызды іс. Осы үдеден шығу үшін бүгінде облыстың индустриалды-инновациялық дамуы, жаңа технологияға мән бере отырып өнім өндірушілерді ынталандыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвесторлар тарту, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өңдеуші өнеркәсіп нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету секілді толып жатқан тірліктерді жүзеге асыруға күш салынуда. Аталған бағытта жоспар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттарымен кездесуінде тарқата айтып берді.

Аталған кәсіпорындардың басшыларымен сөйлесіп, мәселені шешу жайын қарастырдық. «Қазфосфат» ЖШС-на келетін болсақ, өндіріс орны 2 өнім түрін шығарады. Бірі – сары фосфор, екіншісі – аммафос. Біз шет мемлекеттерге барып, фосфат кен орындарын әлемдік деңгейде өндіретін көшбасшылармен кездестік. Қазіргі уақытта фосфаттан литий темір фосфат батареясы өндірілуде. Бұл қайта зарядталатын батареялардың жаңадан жасалған химиялық элементтерінің бірі және литий-ионды батареялардың химиялық құрамының бір түрі. Бүгінде әлемде өндіріске шығарылып жатқан электромобильдер осы батареялардың күшімен қозғалады.


– Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 109,5 миллион теңгені құрап, өсім 23 пайызға ұлғайды. Бұл өңір өндірісінің айтарлықтай әлеуетке ие екенін аңғартады. Дегенмен қазіргі жағдайда өндіріс саласындағы негізгі бағыттарды айқындап, өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар санын арттыру, жұмыс орындарын құру өзекті мәселе. Бұл тұрғыда облыстың инвестициялық портфелінде 2026 жылға дейін 2,5 триллион қаражатқа 70 жобаны жүзеге асыру арқылы қосымша 6 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Былтыр облыс экономикасына 75 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде 13 кәсіпорын іске қосылып, 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жыл соңына дейін 19 жобаны іске қосуды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі. Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаттары облысқа жұмыс сапарлары аясында бірқатар нысанның жағдайымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен өндірістік дамуымен танысатындықтарын жеткізді. 


Кездесу соңында облыс әкімі халық қалаулыларының жұмысына сәттілік тілеп, өңірдің ауылшаруашылығы, өнеркәсіп саласында жаңа инновациялық технологияларға негізделген жобаларды жүзеге асыруда бірлескен жұмыстар нәтижелі болатынына сенім білдірді.Бұдан кейін сенаторлар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар зауытына» барды. Зауыттың тыныс-тіршілігіне қаныққан халық қалаулылары кәсіпорын басшыларымен бірге арнайы жиын өткізіп, ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Өндіріс орнының ұжымымен кездесуде Серік Шайдаров сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.


Басқосуда «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауытының» директоры Альберт Юн бірқатар өзекті мәселені ортаға салды. 
– Өндіріс орны үшін 2021-2022 жылдар өте өнімді кезең болды. Сол жылдары әлемдік нарықта аммафостың бағасы 1000 АҚШ доллары шамасында болды. Осылайша зауыт өз шығынын жауып жатты. Өткен жылдан бері бірқатар қиындықтарға тап болдық. Біріншіден, өнімнің әлемдік нарықтағы құны арзандай бастады. Екіншіден, күкірт қышқылы тапшылығы пайда болып, тығырыққа тірелдік. Негізі елімізде күкірт қышқылының тапшылығы 2022 жылдан бері байқалды. Сондықтан күкірт қышқылын пайдаланатын өзге де өндіріс ошақтарының арасында бәсекелестік пайда болып, сәйкесінше күкірт қышқылының нарықтағы бағасы өсті. Ал күкірт қышқылын жоғары бағамен сатып алған бізге тиімсіз, қалтамызға ауыр соғады. Сол сияқты 2022 жылдан бері газ тұтыну, көгілдір отынның бағасы бойынша да қиындықтар туындады. 

Келесі өзекті мәселенің бірі фосфогипс үйінділеріне қатысты. Қазір фосфогипс үйінділерін төгетін заңды орындар толып тұр, олардың көлемі мен биіктігі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Жақында облыстық экология департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, нәтижесінде фосфогипс қалдықтары рұқсат етілген көлемнен асып кеткендігі анықталды. Егер мәселені шешпесек, 7 мыңнан астам жұмысшы өз нәпақасын тауып отырған зауыттың жабылып қалуы мүмкін. Департамент қалдықтарды жоюға қатысты тапсырмалар беріп, үйінділерді жоюды талап етіп отыр. Өз есебімізше, біз қалдықтарды тиісті мөлшерден асырған жоқпыз, бірақ жағдай расында да мәз емес. Мәселені шешуге қатысты облыс әкімдігімен талқылауға ұсынылған нақты 4 шешім тұр. Біріншіден, үйінді орнының биіктігін арттыру керек. Ұсынысымыз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің қарауында жатыр. Екіншіден, облыс әкімінен фосфогипс үйінділерін төгу үшін қосымша 18 гектар жер сұрап жатырмыз. Үшіншіден, кәсіпорынның өзіне тиесілі заңды 28 гектар жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, мәселені шешкенге дейін фосфогипс қалдықтарын төгуге пайдалана тұрсақ дейміз.


– Фосфогипс қалдығының қоры бүгінгі күні 17 миллион тоннадан асады. Салық кодексіне сай экологияға тиген залал үшін салық төлеп отырмыз. Қазіргі таңда біз төлеп отырған салықтың облыстық мәслихатпен келісілген бағасы 1,06 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Салық көлемі келесі жылдан бастап тағы өседі. Бұл жағдай бізге өте тиімсіз болғалы тұр. Салық құнын түсіру мәселесімен айналысып жатырмыз. Салықтан 10 жыл босатылатындай жол бар. Бірақ ол уақытта зауыт фосфогипсті жоюға арналған заманауи технология енгізу керек. Ол да бізге үлкен жауапкершілік. Фильтрлерді жаңартып, аспанға көтеріліп жатқан түтін көлемін азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылуы қажет. Былайша айтқанда, бұл өзімізге үлкен жүктеме болады. 

Облыстық экология департаменті «жылына 1 миллион тонна фосфогипсті утилизация жасаңдар» деп талап қоюда. Бұл қиынға соғатын іс. Себебі ондай қаражатты жағдайымыз көтермейді. Қалдықтан құтылудың бірден-бір жолы – Қызылорда облысының Арал ауданындағы сортаң жерлерге тыңайтқыш ретінде шашу. Алайда қаражат, көлік мәселесі оған мүмкіндік бермейді. Біз жылына 200-300 мың тонна фосфогипсті ғана жоюға қауқарлымыз. Сондықтан өзімізге тиесілі 28 гектар аумақты пайдаланудан басқа жол көрмей тұрмыз. Алайда департамент заңда ол жерге тек зауыттың қосымша қоймаларын, мекемелерін, жабдықтарын орналастыруға болатыны ғана көрсетілгенін алға тартып, қалдықты төгуге тыйым салып отыр, – деді А.Қарағалиев.


«Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев те аталған мәселеге қатысты ойын айтып, сенаторлардан қалдықтарды төгетін аумақты кеңейтуге көмек беруін сұрады. 
Десе де мәселенің шешілуі оңайға соқпайтын көрінеді. Себебі жергілікті әкімдік жер берген, бірақ оған рұқсат беруге ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі талапқа сай болмағандықтан ұсынысты кері қайтарған. Сөйтсек, қала әкімдігі де бұл проблеманы шешуге аса ықыласты емес екен.

Сонымен қатар қала әкімі «Қазфосфат» басшылығы аймақтағы салық түсімі мен жұмыс орнын беруші ретіндегі әлеуетін пайдаланып, қорқытқысы келіп отырғанын да айтып қалды. Өндіріс орнында күрмеулі мәселе көп. Мұның бәрін ескерген сенаторлар проблеманы жан-жақты саралап, алдағы уақытта тиісті жерге жеткізетіндіктерін атап өтті.Бұдан кейін Сенат депутаттары «Имсталькон» ЖЗМК», ТаразКожОбувь», «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барды.Ал кеше халық қалаулылары «Қарахан», «Айша-Бибі» кесенесі мен «Тектұрмас» этнотарихи орталығын аралады. 
Сарысу, Талас аудандарында орналасқан «ЕвроХим-Тыңайтқыш» және «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Ақтоты ЖАҢАБАЙ