Отанды сүю рәміздерді құрметтеуден басталады
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Мазмұны мол мерекеге орай Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форум ұйымдастырылды.
Тағылымды іс-шара басталмас бұрын ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Іс-шара барысында өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және түрлі оқыс оқиға кезінде басын қатерге тігіп, адамдарды ажалдан арашалап қалған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев, Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Анар Жүнісәлиева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Лаура Сейталиева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ бейбіт күннің батыры деуге лайық бірқатар азамат облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Бекнар Сейтжапаров 11 наурызда облыс орталығында орын алған өрт оқиғасының таралуына тосқауыл қойып, жойылуына үлес қосқан. Сол сияқты Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әділет Тойжігіт 13 мамырда «Самал» ықшамауданында орын алған оқыс оқиға кезінде өрт ошағын жойып, кәмелетке толмаған 5 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторлары Дәурен Қолқаев пен Ералы Сансызбаев 16 мамыр күні магистральдік каналға батып кете жаздаған 2 жасар бүлдіршін Бекжан Иманәліге дер кезінде көмек көрсете білген.
Ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп жүрген азаматтардың бұл ерліктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық. Бейбіт күннің батырлары бұл істерін ерлік емес, ел алдындағы міндетіміз деп біледі.
Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Дархан Байпақ та бар.
Форум соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ