Таразда тіл жанашырларының республикалық форумы өтті
Таразда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастырумен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық форумы өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Форумға Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми - практикалық орталығы» мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, тіл жанашырлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.
Басқосуды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы жүргізіп отырды. Ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беруді мақсат еткен жиында алғаш сөз сөйлеген облыс әкімдігі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев мемлеттік тілдің өңірдегі ахуалына кеңірек тоқталды.
Сондай-ақ, форумда қазақ тілінің ұлттық мазмұны мен мемлекеттік мәртебесі жайында баяндама жасаған мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы тіл үйрету ісіндегі ұстаздың маңызды рөлі жайында сөз қозғады.
Бұдан өзге форумда Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Талғат Жакенов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті - Рауан Кенжеханұлы оқулықтардағы тіл мәселесі, бастауыш сыныптағы оқу сауаттылығы жөнінде пікір білдіріп, сала бойынша туындаған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, республикалық форум елімізде төртінші мәрте өткізілуде. Бұған дейін ұстаздар жиыны Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақтан облыстарында өткен.