Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мұғалімге артылатын міндет салмақты
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық форумы өтті.
Жиынға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі Айман Жаңабекова және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының «Білім беру орталығы» филиалының сарапшысы Қаламқас Байтенова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме LAB жетекшісі Жазира Ысқақова және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.Форум қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін дамыту мақсатында өтті. Басқосуда қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ғылыми және әдістемелік мәселелер, практикалық құралдарды қолдану, оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, шығармашыл, үздік мұғалімдерді анықтап, қолдау көрсету, ынталандыру, тәжірибесін тарату, қолдау мәселелері талқыланды.
Форумды профессор Шерубай Құрманбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Жиында алдымен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаев сөз алып, қазақ тілінің облысымызда мәртебесі жоғары екенін атап өтті.
– Әулиеата жері – ана тілінің тағдыры үшін табандылықпен күрескен ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының, көмейіне бозторғай ұя салған дүлдүл ақын Кенен мен қазақтың ой-санасының алтын дәптеріне әр сөзін шегелеп жазған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, халқының үкілі үмітін жалынды жырларына қосқан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова сияқты дара туған тұлғалардың туған топырағы, ардақтаған атамекені.Ата Заңымызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп айқын жазылған. Ал мемлекеттік тілді білу, құрметтеу – барша қазақстандықтардың асыл борышы, басты парызы.
«Бастауыш сыныптағы оқу сауаттылығы» тақырыбында баяндама жасаған Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мазмұн қорын көбейту, тілдің заманауи тартымдылығын арттыру бағытындағы қолға алынған жобаларды таныстырды.– Елімізде 60 мыңдай қазақ тілі мен әдебиеті және бастауыш сынып мұғалімі бар екен. 60 мың дегеніміз үлкен әскер. Еліміздегі тілдік ахуалды қалыптастыратын тап осы орта. Басқа ешкім емес.Осыған дейін еліміздің бірқатар аймағында болдық. Өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аймақтарда тілдік ахуал оңтүстік өңірлермен, Батыс Қазақстан облысымен салыстырғанда бөлек. Кейде біз Оңтүстік немесе қазақ ұлты көп шоғырланған аймақтарда қазақ тілі аса өзекті емес немесе қазақ тіліне қатысты мәселесі тіпті жоқ дегенді естиміз. Шындығында, мәселе басқаша қойылуы керек деп ойлаймыз. Еліміздің қай өңірінде болмасын тіл ұстарту мәдениеті, оқу сауаты, жазу мәдениетінің төмендеп бара жатқанын байқаймыз. Қазақ қазақ тілінде дұрыс жаза алмайды, қазақ тілінде оқитын балалар қазақша оқи алмайды. Түрлі қызметте отырған мамандар жұмысын ортаға, тұтынушыға қазақша сапалы бере алмай отыр. Мұнда тек Жамбыл облысын ғана айтып тұрған жоқпын, бұл жалпы елдегі жағдай, – деген Рауан Кенжехан оқу сауаттылығына баға беретін «PIZZA» зерттеуіне кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте «Мемлекеттік тіл – ұлттық мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» тақырыбындағы тіл жанашыры Оразкүл Асанғазының баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері тек қана сабақтарымен шектелмеу керек екенін, педагогтардың тіл мәселесіне келгенде бас шұлғи бермей, батылдау болуы керектігін баса айтты.– Әдебиет пәні оқушының ой-өрісін дамытса, қазақ тілі сауатты сөйлеуге, жазуға үйретеді. Егер оқушы сауатты жаза алса, сөйлей алса, кез келген пәнді жақсы меңгеретін болады. Екіншіден, ол оқушы өзінің қазақ екенін мақтан тұтатын адам болып өседі. Мектепте барлық пәннің мұғалімдерінің орны ерекше. Алайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері өскелең ұрпақты елшілдікке, отансүйгіштікке, мемлекетшілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Мысалы, кез келген мектепке бара қалсаң, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері өздерін өте еркін ұстайды. Соңғы сән үлгісімен киінген. Өздеріне деген сенімділіктері басым. Ағылшын тілі пәнінің мүғалімі екенін мақтанышпен айтады. Қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне осы сенімділік жетіспейді. Қазір жасырын емес, қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағының стандартында, бағдарламасында және жалпы оқулықтың өзінде біраз кемшіліктер бар. Осы мәселеде мұғалімдер белсенділік танытып, ойларын ашық айтып, талдау жасағандары маңызды.Тағы бір атап айтқым келетін мәселе, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті – егіз пән бола тұра оны орыс мектебінде біріктіріп оқытып жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Әдебиет ұлттың рухын тәрбиелейді, ал қазақ тілі дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйретеді. Орыс мектептерде де біздің Қазақстанның болашақ азаматтары оқып жатыр. Олар қазақ руханиятынан мүлдем бейхабар болып өсуде. Бұл дұрыс емес. Біз қазір «балам» деп бауырға тартпасақ, ертең олар «жұртым» демейді.
Сонымен қатар форумда Айман Жаңабекова «Білім беру жүйесінде қазақ тілінің ұлттық корпусын қолданудың ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында, Қаламқас Байтенова «Қазақ тіліне бойлау жобасының артықшылығы мен мүмкіндігі» тақырыбында, Жазира Искакова «Қазақ тілін оқыту әдістемесінде ІТ жобаларды қолдану» тақырыбында баяндама жасады.Басқосуда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Әр ұстазға сыныпта қолданылатын әдістемелер мен нақты құралдар ұсынылды.
Айжан Өзбекова