« Бақытты елдің ұрпағы»
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты елдің ұрпағы» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті.
Жас ұрпақты өнерге баулу, айтысқа қызығушылығын арттыру мақсатында өткен іс-шараны мекеме басшысы Ахметжан Өзбеков құттықтау сөзбен ашып, балаларды келе жатқан мерекесімен құттықтады.
Кеш барысында «Жасырын хат», «Мақал-мәтел, жаңылтпаштар» сайысы ойнатылды. «Мақал-мәтел, жаңылтпаштар» сайысының шарты бойынша кім көп мақал-мәтел, жаңылтпаш айтса, сол жеңіске жетеді. Ал «Жасырын хат» ойынының шарты – ата-аналарына, ұстаздарына, достарына немесе басқа да жақындарына анонимді (жасырын) түрде хат жазу.
Сонымен қатар жас айтыскер, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Аят Бәтей арнауын орындаса, «Өрлеу» ән-саз студиясының тәрбиеленушісі, күйші Бекарыстан Исламбек Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» күйімен кештің көрігін қыздыра түсті. «Өрлеу» ән-саз студиясының тағы бір тәрбиеленушісі, түрлі байқаулардың жеңімпазы Мансұр Алишев «Көкшолақ», «Молдабай» әндерін нақышына келтіріп орындады.
Кеш соңы айтыскер-ақын, облыстық «Аq jоl» газетінің тілшісі Есет Досалы мен «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысының бірінші орын иегері, республикалық «Ақберен» байқауының арнайы жүлдегері Інжу Жаңабайдың әке мен қызының айтысымен аяқталды.
Дидар АПБАСОВ,
облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері