Жастар

Болашақ бүгіннен басталады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мерейлі мерекені өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Ал БҰҰ аталған бастаманы қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырған. Бір ғасырға жуық тарихы бар мерекені елімізде жыл сайын кең көлемде атап өтеді.

Мерекенің негізгі мақсаты – балалардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сонымен қатар балаларға барлық жағдай жасай отырып адамгершілікке, әділдікке тәрбиелеу. Бір сөзбен айтқанда, мейрам балдырғандарға айрықша көңіл бөліп, оларды қуантып, бүкіл әлемнің назарын балалар мәселесіне аударуды көздейді.

Үнемі балалардың пікірімен санасып, жағдайына мән беру керектігін, олардың білім алуы, демалуы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зорлық-зомбылық, балалар еңбегін қанаудың алдын алу сынды жайттарды алға тартады. Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі десек те болады. Бірінші маусымнан бастап барлық мектептерде жазғы демалыс уақыты басталады.

Кеңес одағы кезінде бұл күні балаларға арналған жаңа көркемфильмдер, телебағдарламалар көрсетіліп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, оған балалардың ата-аналары да міндетті түрде қатысып, жазғы демалыс балалар үшін ерекше көңіл күймен басталатын. Қазір де солай. Жазғы лагерьлер мен саябақтардың барша балаға есігі айқара ашық. Тек ақылы түрде. 
Балалардың бақытты сәтін, күлкісін көруден асқан бақыт жоқ шығар. Балаларға бақыт сыйлап, көңілін көтеретін мұндай күндер аз емес, әрине. Дегенмен де осы күні балаларға арналған түрлі іс-шараларға басымдық беріледі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. 

Заңғар НҰРҒАЛИ,
ҚР Төтенше жағдай министрлігі
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің 
облыс бойынша 
департаментінің бас маманы