«Өнерге қанат қаққандар»
Байзақ аудандық мәдениет үйінде балалар мен жасөспірімдер орталығының «Өнерге қанат қаққандар» атты қорытынды есеп беру концерті өтті.
Концерттің шымылдығы домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Әке толғауы» атты күймен ашылды. Мұнан соң орталық директоры Бақтияр Абдиханов сөз алып, Байзақ ауданында 2002 жылы ашылған аталған өнер ұжымының бүгінге дейін балалардың талантын ұштап, биік белестерден көрінуіне ықпал етіп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Орталықтағы 45 үйірмеге 1 579 оқушы қатысады. 46 қосымша білім беру педагогі жұмыс істейді. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өнерлерімен өрге жүзіп жүр.
Есеп беру кешінде өнерпаздардың орындауында «Қазақстаным» атты хор айтылып, жас бишілер «Хорезм» биін тарту етті. Сонымен қатар вокалдық ансамбль «Атамекен» әнін шырқап, оқушылар өлең оқыды. Домбырашылар ансамблінің орындауындағы Жұмабай Сексеновтің «Мереке» күйі, Арслан Сұлтанбековтің «Домбыра» күйі көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Гүлмира ЖАЙСАНБЕКҚЫЗЫ,
Байзақ аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының мәдени іс-шара меңгерушісі