Қуғынға ұшыраған суретші немесе Леонид Брюммердің өмірі жайлы не білеміз?
Жер аудару – өткен ғасырдың қанқұйлы саясатының бір көрінісі. Туған жерден тамыр үзу – кімге болса да ауыр жаза. Әдетте жер аудару туралы сөз қозғағанда ойымызға «Сібірге айдалды» деген сөз тіркесі оралады. Себебі Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ зиялыларының көбісі Сібірге айдалып, қайта оралмады. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін «Сібір» деген тозақтың бір оты секілді көрінгені де бар.
Бұл жазаны Кеңес үкіметі «Отанына опасыздық жасады» немесе «Кеңес үкіметінің саясатына қарсы шықты» деген адамдарға кеңінен қолданды. Өкініштісі, сол заманның қанды құрығына ілінгендердің қатарында көптеген дарынды тұлғалар да бар еді. Сондай саяси науқандардың бірінде суретші Леонид Брюммер жер аударылып, алғаш рет қазақтың дарқан даласына аяқ басты. 1941 жылы атақты суретші мен ағасы Владимирді өзге де жерлестерімен қоса ұлты неміс болғаны үшін депортациялаған. Тағдыр оны Қазақстанның Павлодар облысына алып келді. Мұнда он жылдан аса өмір сүріп, 1955 жылы Кеңес билігінен өзге жаққа көшуге рұқсат алған соң Жамбыл жеріне қоныс аударды. Облысымыздың табиғаты да, ортасы да суретшінің жанына жақын болды. Сондықтан да суретші жанының бір бөлшегі саналатын қылқалам туындыларының көп бөлігін облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға берген. Нақтылай кетсек, 1 200-ден аса суреті бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорын қалыптастырып отыр. Брюммердің баға жетпес сыйының нәтижесінде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жамбылда алғаш рет жергілікті суретшілердің ортақ үйіне айналған, туындыларын ел назарына ұсына алатын облыстық музейдің жанынан көркемсурет галереясы ашылған. Галереяның ашылуы жамбылдық суретшілердің өнерінің қарыштай түсуіне өзіндік септігін тигізді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Леонид Брюммер Павлодар облысына жер аударылып келді. Суретші шығарылған үкімді естіген соң өзімен бірге тек салған суреттерін ғана ала кеткен. Себебі оларды өз балаларындай жақсы көрді. Күнкөріс үшін суреттерін сатуды құптамады. «Мои картины – мои дети. А детей не продают...», деп, өз жанын жалдауға, сатуға қарсы болды. 1953 жылы 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Амнистия туралы» жарлығы шықты. Кейін бұл жарлық тарихта «Берияның атақты жарлығы» деп те аталды. Жарлық негізінде сол күнге дейінгі саяси тұрғыда қудалау көрген барша одақ азаматтарына, әсіресе саяси тұтқындарға кешірім беріле бастады. Одақ бойынша сол жарлық негізінде кезең-кезеңімен 1 миллион 400 мыңға жуық азаматқа кешірім берілген екен.
Бұл жарлық Леонид Брюммердің де көңілін қуантқаны анық. Әрине, жарлық оған өзі туған мекеніне оралуға мүмкіндік бермеді. Алайда ол енді қысы қатал Павлодар өңірінен өзге аймақтарға еркін жүріп-тұруға, көшуге мүмкіндік алды. Соның негізінде суретші Брюммер табиғаты мен күн райы жанына жайлы, шуақты Жамбыл өңіріне 1955 жылы қоныс аударып келді. Ал 1956 жылдың қаңтарында бауыры екеуі құзырлы органдардың арнайы есебінен шығарылып, «халық жауы» таңбасынан толығымен арылды.Облысымызға қоныстанған суретші бұрынғысынша шабыттанып, сәулелі сәттерді қағаз бетіне түсіре бастады. Жанашыр жақсы адамдармен танысты. Өнерін бағалайтын ортаны кезіктірді. Болмысы тұйық адам үшін бұл үлкен бақыт еді.
Леонид Брюммердің барлық суреттерінің 100-ден астамы Жамбыл қаласы тақырыбына арналған. Сондықтан да Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланғанда суретшінің құрметіне облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан суретшіге арналған көрме залы бой көтерді. Өзі сыйға қалдырған мұрасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сол арқылы да оның есімі жамбылдықтардың мәңгі жадында қалды.
Гүлмира Көркемғалиқызы,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің экспозициялық - көрмелік қамтамасыз ету
бөлімінің өнертанушысы