Руханият

Ұлттық құндылық һәм ұрпақ тәрбиесі

Ұлттық құндылығымызға қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, мәдениеті, өнері, мәдени мұрасы, тіліміз, халықтық қолөнеріміз бен ұлттық киіміміз, ұлттық тағамдарымыз, ұлттық ойындарымыз жататыны белгілі. Халқымыздың ұлттық мәдениеті, әдебиеті, руханияты, өнері, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы да ұлт болашағын бақыт мекеніне сілтеуші негізгі бағдаршам десек, еш қателеспейміз. Ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі сақталуына халқымыздың дәстүрлі ән-жыры, күй мен биі, саятшылық, құсбегілік, атбегілік секілді ұлттық өнерінің де қосар үлесі айрықша. Ұлттық мәдениет, ұлттық рух, ұлттық болмыс жайлы сөз қозғағанда өнерге өзгеше екпін бере сөйлеуіміздің сыры осында. Себебі ықылым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық өнеріміздің қай-қайсысы болса да қазақтың ұлттық бренді. Осының ішінде біз қазақтың ұлттық биі, оның баланың дене тәрбиесіне ғана емес, мінез-құлық тәрбиесіне де қызмет ететінін сөз етпекшіміз. Өйткені болашаққа қадам басқан баланы жолайрықта бүгінгідей жаһандық мәдениет тосып тұрған заманда ел болашағына есті жол сілтеуші халқымыздың қадір-қасиетін, сана-сезімін дамытатын, барын басқаға танытатын осындай ұлттық құндылықтар жиынтығы болмақ.

Жалпы қазақтың халықтық би өнері – ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан еліміздің асыл мұрасы. Қазақ би өнері синкреттік түрде дамып, басқа өнер түрлерін насихаттау мен ақпараттық түрде бекіту және кейінгі ұрпаққа жеткізу барысында өзіндік маңызды рөл атқарды. Қазақ биі көшпелі малшының тұрмыс-тіршілігін, табиғат көріністерін ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнеледі.

Қазақтың және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың би өнерімен баланы таныстыра отырып, шәкірттің биге, өнерге қызығушылығын арттыру – біз үшін маңызды міндеттің бірі. Ұлттық тәрбие көзі ретінде халық би өнерінің көркем эстетикалық тұстарын тереңірек талдау оқушыларды өз Отанының нағыз азаматы болуға баулып, оның ұлттық көзқарасы мен санасын оятуды көздейтінін айта кетуіміз керек. Би өнерінің балаларды тәрбиелеудегі ерекшелігін сөз етсек, би – адамның өмір сүру символы. Ол адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл күйде қанаттанып жүруге ықпал етеді. Сонау ерте дүниеден адам аң мен құстың қимылына қарап, жапырақтардың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елітіп, оларды жанына тоқып дамыған. Би өнері адамның жанына да, тәніне де сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге ынталандырады. 

Қазақтың ұлттық биімен де, классикалық бимен де айналысу балаларды әдемілікке және қимылдарының нақтылығына үйретеді, күші мен икемділігін арттырады. Олардың бұлшықетін, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелерін дамытып, нығайтады. Сонымен қатар балалардан күш-қуатының жинақылығын талап ететін би өнері олардың еңбексүйгіштігін арттырады. Бұл баланың дене тәрбиесіне қатысты мәселе. Сондай-ақ би баланың ерік-жігері мен мінез-құлқын қалыптастырады. Кез келген халықтың ұлттық биі бар. Бірақ ол әртүрлі мағынада өрбиді. Мысалы, испан билері көбіне махаббатқа негізделсе, ұйғыр билері тікелей өз мінездерін сипаттайды. Қытай, жапон билері ішкі сезімді білдіруден тұрса, үнді билері өздерінің наным-сеніміне қатысты Құдайларын мадақтаудан бастау алады. Ал қазақ биі салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, ою-өрнегімізбен тікелей астасып жатыр. Әсіресе қол мен дененің пластикалық икемділігін, қыздардың еркелігі мен назын, сұлулығын көрсетіп, ер адамдардың керісінше жанып тұрған өткірлік, түрлі күрделі секірулер мен буын қимылдары, аттың шабысы, өзге де жігерлі қимылдарды сипаттау арқылы адамды шапшаңдыққа, ерік-жігерінің мықты болуына баулиды. Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы халыққа түсінікті болуы шарт. Қазақтың «Қаражорға», «Тепеңкөк», «Аққу», «Өрмек» секілді басқа да ұлттық билерінің философиялық мағынасы өте бай, айтар ойы, астары түсінікті.

Негізінде мектеп жасына дейін хореографиялық білім алған балалар жеткілікті түрде мықты қимыл-қозғалыс дағдысы мен қабілетін меңгерумен қатар, есте сақтау, зейін, ұшқыр қиялға бейім болуымен ерекшеленеді. Баланың эстетикалық, физикалық және рухани ойлау қабілеттерін тәрбиелеуге ұлттық би өнерінің қосар үлесі қомақты. Мектепке дейінгі тәрбиеленіп отырған балалар үшін би өнері көңілді де қызықты болуы шарт. Биді билеуге үйрету үшін, ең алдымен, ән мен күй тыңдауы, оны түсіндіру қажет. Сол себепті көңілді-көңілсіз, шапшаң-жай ырғақтарын таныстыра отырып, балаларға би қимылдары үлгі арқылы үйретіледі. Би қимылы элементтері негізінен үш жастан бастап үйретіледі. Би қимылдарын оларға белгілі бір құралдармен, ойыншықтармен үйреткен анағұрлым жеңілірек. Ал мектеп жасындағы балаларға көбіне қазақтың ұлттық билерімен қатар, басқа ұлттардың билерін үйрету де артықтық етпейді. 

Қазіргі қоғамда балалардың денсаулығын сақтау және нығайту өзекті мәселеге айналып отыр. Баланың қандай да бір ауруы болмағанда жүйке психикалық дамуы, үйлесімді ақыл-ой және дене еңбегіне қабілеті жоғары болғанда ғана оның дені толық сау деп айтуға болады. Баланы өсіріп, тәрбиелеудегі маңызды шарттар – оны шынықтыру, белсенді қозғалуына ықпал ету. Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу отбасында және мектепте немесе басқа да қосымша үйірмелерде жүргізіледі. Отбасы мен мектептің алдына қойған мақсаттары мен міндеттері ортақ. Ол салауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу. Мысалы, ата-ана отбасында балаға тәрбие беріп, сабақ оқуына көмектескенімен таңертеңнен кешке дейін жұмысбасты болуы баланың тәрбиені қайдан алып жатқанын анықтауға мұрша бермеуі мүмкін. Баланың бос уақытында оқыс жағдайға ұрыну, бірдеңені бүлдіру немесе тәрбиесі нашар ортаға қосылу мүмкіндігі артпас үшін ата-ана оларды міндетті түрде кез келген үйірмеге беруі қажет. Ол спорттық немесе өнер, білімге қатысты үйірме болуы мүмкін. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану дегеніміз осы. Сондықтан би өнері үйірмесі де өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің бір тармағы болып есептеледі.

Кім баласын жаман болсын дейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар дана халқымызда. Ата-ана парасатты, зерек, кішіпейіл, адал, адамгершілігі мол ұрпақ өсіргісі келсе, өзі де соған лайық болып, халқымыздың ұлттық құндылығы саналатын салт-дәстүр, әдеп-ғұрпынан, ұлттық мәдениеті мен өнерінен алшақ болмауы керек. Сонда ғана есейіп, ер жеткен бала ұлт мүддесі, халық қамы үшін қалтқысыз қызмет ететін болады. Саналы да білімді жас ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Баланың бірі ата-әженің тәрбиесінде өсуі мүмкін. Тәрбиенің мұндай түрін көріп өскен баладан есейгенде жамандық шықпайды. Өйткені ата-әже өмірде көрген-білгенін, жиған тәжірибесін, даналығын, кісілігін бала бойына сіңіруге күш салады. Ал ата-ана тәрбиесіндегі бала үшін ананың жүріс-тұрысы, сөзі, әдеб мен әрекеті бала үшін ең маңызды рөл атқарады. Сондықтан әр ата-ана балаға өзі үйде тәрбие берумен қатар, бос уақыты болып жатса, оларды қазақтың ұлттық намысына, болмысына кереғар келмейтін кез келген үйірмеге бергені абзал. 

Бүгінгі ұрпақ-ертеңгі елдің болашағы. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан баланың бойына мектеп болсын, ата-ана болсын ұлттық құндылықтарға, әсіресе отбасылық құндылыққа негізделген тәрбиені бірлесіп сіңіруіміз қажет. Бұл ел ертеңі үшін қажет.

Шынар Қарсақова,
№ 33 М.Әуезов
 атындағы орта мектептің 
хореография пәні мұғалімі