Отбасының жарасымдылығы тәртіпке байланысты
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінгі қоғамда өте өзекті мәселеге айналып отыр. Оның алдын алу, әлімжеттікке жол бермеу үшін мемлекетіміз заңды барынша қатайтуға мүдделі болғанын айта кетуіміз керек. Қазіргі уақытта отбасылық дау-дамай, әйел құқығын таптау үлкен қалаларда ғана емес, аядай ауыл тұрғындары арасында да жиі көрініс табуда. Бұл ретте ауылдық жерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының аудандық кеңес беру кабинеттері қамқорлық көрсетуде.
Талас ауданындағы әлеуметтік кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Альфия Тынысбекова ерлі-зайыптылардың бірін-бірі түсінісіп өмір сүруі отбасылық құндылықтармен тікелей байланысты екенін айтады. Отбасында ұрыс-керіс пен үнемі дау-дамай көріп өскеннен баланың бойында агрессивті мінез-құлық қалыптасады деген пікірде. Сондықтан әр ата-ана ұрпақ тәрбиесіне келгенде бала-шағасына жақсы жағынан үлгі бола білуі керек.– Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігі баршаға белгілі. Қазақ елінде ғана емес, қазіргі уақытта дүниежүзі елдері бойынша белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуін отбасылық тәрбиенің осалдығымен де байланыстыруға болады. Үйде жанжалдың шығуы мүмкін екенін сезген, оның туындауына себеп болған отбасы мүшелері мәселені ың-шыңсыз шешуге талпынбаса, ол ұрысқа, ұрыс үлкен жайсыздыққа бастап, ақыр соңы қылмыстың пайда болуына ықпал етеді. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың жиілеп кетуінің мәнісі осында және оған қоғам алаңдаулы. Дегенмен арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша, оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар да жататыны анықталды. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау өзекті мәселе.
Кабинет мамандары қызмет алушылардың психикалық денсаулығын нығайтуға, олардың стреске төзімділігі мен психикалық қорғалуын қамтамасыз етуге күш салуда. Әлімжеттікке тап болған әйелдермен әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыру, психологиялық қолдау көрсетеу де басты мәселенің бірі.– Шұғыл психологиялық көмек көрсетілетін қызметтерді алушыларға кідіртпестен психологиялық консультация беруді, олардың дағдарыстық күйден шығуы үшін физикалық, рухани, тұлғалық, зияткерлік ресурстарын жұмылдыруға, туындаған проблемаларды өз бетінше шешу және қиындықтарды еңсеру үшін өзіне деген сенімділікті нығайтуға жағдай жасаймыз.Біздің кеңес беру кабинетіндегі мамандар полиция бөлімі қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Күн-түн демей, хабарласқан кезде айтылған мекенжайға полиция қызметкерлерімен бірге барып, бірге жұмыс істейміз. Сенім телефоны тәулік бойы байланыста.
Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала отырып, отбасылық құндылықты бағалауды түсіндіреміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында қала, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, қыз-келіншектермен бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамымыздың дертіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Өмірлік қорғаны болар отағасының өзінен жәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған аналардың жәрдем сұрап, көз жасын төгіп жүруі қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелер қатарынан сызылмағанын айғақтайтын секілді. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген сөз үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. «Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде «күйеу болудың жөні осы» деп әйеліне жұдырығын ала жүгіруге бейім болып шықса ше? Осындайда «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәлімі дұрыс болмаса, адам баласы азғындық, нашақорлық, ішімдікке бастайтын бұзықтық жолға түсіп, зорлық-зомбылық жасауға ұмтылады. Осал тәрбие адамның еңбек етуінде де кері тартып, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны, – дейді аталған кеңес беру кабинетінің психологі Мөлдір Календерова.
Жалпы қоғамда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдердің көбеюіне байланысты оларды қорғау мақсатында республиканың әр облысында «Дағдарыс» орталықтары ашылған болатын. Сол орталықтың бірі ретінде 2017 жылы Тараз қаласындағы облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы іске кіріскен еді. Орталықтың өңірге қарасты 8 ауданында «Әлеуметтік-психологиялық кеңес беру» кабинеттері бар. Ал Мойынқұм ауданында мұндай орталық өткен жылдың қыркүйек айынан бері ашылып, бүгінгі күні мамандар өздеріне тиісті жұмыстарды мінсіз атқаруда. Аталған кеңес беру кабинетінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Айгерім Иманқұлова мен әлеуметтік психолог Перизат Мұратқызы тұрғындарға әлеуметтік және психологиялық көмекті анонимді, тегін және күндіз-түні көрсетуде.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қазіргі таңда жаңа заң талаптарына сәйкес кінәлі тараптың әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1 (ұрып-соғу), 109-1 (қинау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын естен шығармаған жөн.Қазіргі таңда Мойынқұм аудандық әлеуметтік кеңес беру кабинетінің мамандары Мойынқұм ауылы тұрғындарының арасында отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Мойынқұм ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Б.Шарипханұлымен 2024 жылға арнайы жоспарлар құрып, бірлесе жұмыс атқарып отырған көрінеді.
Бүгінгі күнге дейін мамандар 50-ге жуық отбасымен жұмыс жүргізіп, тиісті азаматтарға әлеуметтік-психологиялық көмек беріп, көпбалалы 1 ананы орталыққа орналастырған.Қазіргі таңда Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Т.Абдраманов бастаған мобильді топпен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстардың алдын алу» акциясы аясында кеңес беру кабинетінің мамандары Мойынқұм ауданына қарасты ауылдық округтерді аралап, ондағы түрлі мекемелер қызметкерлері мен тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жайсыз отбасылардың жағдайларын анықтап, себеп-салдарымен күрес жүргізу жалғасуда.
Нұрым Сырғабаев