Тағылымы мол тимбилдинг
Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына да аз уақыт өткен жоқ. Алайда бұрын бодандық бұғауында болған ел үшін ана тілінің мәртебесін көтеру оңайға соқпайтынын бүгінгі буын басынан өткеріп отыр. Сондықтан да қазақ халқының ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын жандандыру, мемлекеттік тілді Қазақстандағы өзге этностардың қарым-қатынас тіліне айналдыру, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту – ең өзекті мәселенің бірі.
Бұл тұрғыда облыста талай іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Сөзімізге дәлел ретінде кеше облысымызда бірінші мәрте этнос өкілдері арасында өткен «Бір тіл. Бір топ. Бір мақсат» атты тимбилдингті айтуға болады.
Жамбыл ауданының Жамбыл ауылдық округіндегі Шайқорық ауылында өткен тимбилдингке Тараз қаласынан «Жалын», Қордай ауданынан «Шежіре», Шудан «Ынтымақ», Меркіден «Меркі», Т.Рысқұловтан «Достық», Жуалыдан «Жуалы», Жамбылдан «Жамбыл», Сарысу ауданынан «Сарысу» командалары қатысты. Жалпы байқау бірнеше шарттан тұрды. Әрқайсысы алты адамнан құралған командалардың өнеріне Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты, тіл жанашыры Балмира Мырзабаева, облыстық жастар ресурстық орталығының уақытша бос жүрген жастар және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Марал Хантөре баға берді. Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде қазылар алқасы топ мүшелерінің мемлекеттік тілді жетік білуіне, топ болып жұмыс жасауына, дресс-кодты сақтауына, уақытты тиімді пайдалануына баса назар аударды.
Дода барысында алдымен әр топ өздерін таныстырды. Қатысушылар спорттық ойын ойнау арқылы, яғни «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» деп аталатын кезеңде белгіленген кедергілерден қаппен және доппен секіріп өтіп, мақалды жалғастырып, жұмбақтың шешімін тапты. «Кім жылдам?» кезеңі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды. Осы кезеңде команда мүшелері мозайкаларды құрастыра отырып елге танымал тұлғалардың аты-жөнін тауып, олар туралы деректерді мемлекеттік тілде баяндап берді. Төртінші кезең – арқан тарту сайысы. Бұл кезең командалық толық құраммен олимпиадалық жүйемен өтті.
– Тимбилдинг өзге этнос жастарының мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығын арттыруды, шығармашылық қабілеттерін жандандыруға ықпал етуді көздейді. Сондай-ақ жастардың сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру, қазақ тілін жетік меңгерудің мерейлі мәртебе екендігін ұғындыру, қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру да осы іс-шараның негізгі көтерген жүгі. Мемлекеттік тілді қоғамдық қатынастардың барлық саласында дамытуға, этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайтуға, қазақ тілін меңгерген этнос өкілдерін танымал етуге бағытталған іс-шара еркін форматта ұйымдастырылды. Мұны біз мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері жастарына көрсетілген қолдау деп ұғынуымыз керек. Өйткені мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері ел арасында осындай іс-шаралар арқылы танымал болады.
Бұл байқау өзге этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген дағдысын қалыптастыруға және олардың арасында қазақ халқының спорттық, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге басты негіз болды. Сайысқа қатысушы командалардың белсенділігі жоғары болды, – дейді облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова.Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Сарысу ауданының командасы еншілесе, жуалылықтар I орынды жеңіп алды. II орын Жамбыл мен Қордай ауданынан келген командалардың қанжығасына байланса, III орынды Т.Рысқұлов және облыстық Ассамблея жастары бөлісті. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары арнайы жүлделермен қатар алғыс хат, дипломдармен марапатталды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ