Ойталдың озық тұсы көп
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Меркі ауданы, Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахимбеков елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы баяндады.
Үш елді мекеннен құрылған округте 10 776 тұрғын тату-тәтті тұрмыс кешуде. Округ әкімі алдымен өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм салаларындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Округте 28 шаруа қожалық тіркелген. Шаруашылықтардың басым көпшілігі егіншаруашылығымен айналысады. Көктемгі дала жұмыстары кезінде бидай 1 649, арпа 607, қызылша 575, жаңа жоңышқа 21,5, жүгері 548 гектарға себіліпті.
Келесі кезекте құрылыс, ауызсу жүйесі, газдандыру, жол мәселесіне тоқталған баяндамашы округ бойынша 69 көшенің 58-і асфальтталғанын, қалған 11 көшені асфальттауға аудандық бюджеттен 70 миллион 690 мың теңге қаражат қарастырылғанын жеткізді.
Ауылдық округтегі Меркі стансасы, Ойтал, Мыханды секілді 3 елді мекен табиғи газбен қамтылған. 2 605 үйдің 2 558 ауласы (98,2 пайыз) көгілдір отынмен қамтылған. 2 605 ауланың 1 628-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.Мұнан соң Арман Байетбайұлы абаттандыру және көгалдандыру, білім саласы, әскери қызмет туралы атқарылған жұмыстар, әлеуметтік салаға тоқталды.
Айжан ӨЗБЕКОВА