Таза қазақстан таза ауладан басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 8 сәуір күні елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны белгілі. Акцияның мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімге баулу, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықты дәріптеу.
Қең ауқымда әрі жаңа форматта өткен акция 5 аптаға созылды. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болды. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» деген тақырыптармен аталған 5 аптада әрбір елді мекенде аулалар мен көшелерді тазалау, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстары, ағаш көшеттерін отырғызу, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалау және абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді.Ауқымды акцияға барша қазақстандықтар атсалысты. Тағылымы мен тәлімі мол акция әр өңірде әлі де жалғасып жатыр.Кеше «Таза Қазақстан» акциясының облысымыздағы күні жоғары деңгейде аталып өтті. Осыған сәйкес өңірде облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен бірқатар тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Гүлмира Тәттібаева тазалыққа тұрғындар да жауапты екенін айтады.
– Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы көптеген игі іс-шара атқарылып жатыр. Каналдар мен арық-атыздар, елеусіз қалған көне тарихи орындар да абаттандырылуда. Ең бастысы, акцияға тұрғындар да үлес қосуда. Таза Қазақстан таза ауладан басталады. Сондықтан тұрғындар өзі тұрған жерді қоқысқа толтырмай, таза ұстап жүрсе, құба-құп болар еді, – дейді Г.Тәттібаева.
Жалпы акция басталғалы бері облысымызда 1 600-ден аса сенбілік өткізіліп, оған 214 мың адам тартылған. Осы жылғы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге қарастырылған. Осы уақытқа дейін 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым канал мен арық, 3,1 мың шақырым көше мен 99 мың аула қоқыстан тазартылып, 9,7 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылған.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараздағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстық. Жаңғыртуды қажет ететін жылу магистралінің жалпы ұзындығы – 6,1 шақырым. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда М-1 жылу магистралінің құрылыс жұмыстары Төле би көшесінің бойында жүргізілуде. Ол бес бөліктен тұрады. Құрылыс алаңында 120 жұмысшы, 40 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы мекемесінен «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал екінші бағыт шеңберінде жұмыстар «Көне Тараз» кешені мен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп жатыр екен.
Акция соңында Төле би даңғылы бойында орналасқан №48, 50, 52, 54 көпқабатты тұрғын үйлердің жаңарту жұмыстарының жай-жапсарына қанықтық. Аталған үйлердің архитектуралық бейнесі жаңартылып, сыртқы бейнесімен қатар қылтималар да (балкон) пластиктермен қайта қапталуда. Бұл абаттандыру жұмыстарына жалпы 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы коммуналдық меншіктегі 6 үйге 99,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылса, «Қаратау құрылыс – 2030» серіктестігі 685 миллион теңгеге 11 көппәтерлі тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстарын жүргізуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ