Жамбыл жаңалықтары

Жаздың бір күні қыстың мың күніне татиды

Әне-міне дегенше жаз маусымы да келіп жетті. Жалпы есі бар ел қыс қамына ерте кірісіп, осы бастан әрекет ететіні белгілі. Қар жауып, қазан ұрмай тұрып егінді жинап алу, жылу құбырларын ауыстыру, оны сынақтан өткізу, жол жөндеу секілді басқа да толып жатқан шаруалар нәтижелі болуы үшін көктемнен бастап қара күзге дейінгі жылымық күндерді тиімді пайдалану шарт.

Алайда алғашқы жауған қармен бірге жол жөндеп жүргендерді бұрын талай көргенбіз. Осы көрініс биыл да қайталанса, таңғалуға болмайды. Өйткені облыстағы кейбір аудандарда жол жөндеу жұмысына қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы әлі күнге жарияланбаса, тағы бір аудан көшенің ой-шұқырын жамауды мүлде назардан тыс қалдырыпты. Жол жөндеу жұмысына қатысты осы тектес бірқатар олқылық облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сөз болды.– Жөнделген және қолданыстағы жолдардың ұзақ уақыт қызмет етуінің сыры – жолды жыл сайын ағымдағы жөндеуден өткізумен қатар, күтіп ұстау. Бұл тұрғыда әкімдерге аудандық мәндегі жолдарды күтіп ұстау үшін жыл басынан қаражат бөлу тапсырылғанымен Мойынқұм ауданында қаржы тек бірінші нақтылауда ғана бөлінді. Бүгінде ол бойынша келісімшарт жасалуда. Қаржыны жыл басында бөлудің мақсаты – қыстан кейін пайда болған шұңқырларды дер кезінде жоюды сәуір, мамыр айларында бастап кету. Осы іс үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы өткізу көзделген. Алайда бүгінгі күнге Қордай ауданында қаржы уақытылы бөлінгенімен мемлекеттік сатып алу конкурсы әлі күнге дейін жарияланбай отыр. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі жыл басында аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға қаржы қарағанымен негізгі жұмыс болып саналатын шұңқырларды жөндеу жұмыстарын мүлдем қамтымаған. Берілген ескертпе бойынша, аталған аудан соңғы нақтылауда аудандық маңызы бар 1 жолға ғана 5 миллион теңге бөлген. Дегенмен басқа жолдардың да шұңқырларын жөндеу қажет. Бұл жағдай өз кезегінде қыс мерзімінен кейін пайда болған ақауларды дер кезінде жойып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігін бермейді.

Тиісті жобаларды іске асыру бойынша басқарма тарапынан апталық мониторинг жүргізілуде. Осыған сәйкес бүгінде 332 жобаның 144-інде жұмыстар басталды. Оның ішінде 24 жоба 2023 жылдан өтпелі. Қалған 308 жаңа жобаға келсек, 28 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Байзақ, Жуалы, Қордай ауданында бір-бір, Меркі ауданында 3 жоба бойынша конкурс жарияланбаған. 41 жобаның жеңімпазы анықталып, іс қазір шарт жасасу сатысында тұр. Жуалы, Меркі, Шу ауданында жүзеге асатын 3 жоба бойынша шағым қаралуда. Шарт жасалған 230 жобаның 110-ы бойынша жұмыс басталмаған. 18 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Десе де Байзақта – 3, Жуалыда – 1, Қордай мен Меркіде бес-бестен он, Талас ауданында 2 жоба бойынша техникалық қадағалау қызметін анықтауға қатысты конкурс өтпеген, – деді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.

Басқарма басшысының айтуынша, жол жөндеу жұмыстары басталғалы «Жол активтері» ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы тарапынан 25 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 75 сынама алыныпты. Нәтижесінде тиісті тарапқа 2 ескерту беріліп, жұмыс тәртібінде жою шаралары қабылданған екен. Биыл іске асырылатын жергілікті жол жөндеу жобаларына алдын ала есеппен жол битумының қажетті қоры 30 мың тоннаны құрайтыны анықталыпты. Қазіргі уақытта облыстағы ірі жол компанияларының битум сақтау қоймаларында 12,3 мың тонна қор жинақталыпты. Мұрат Құттыбайұлы саладағы осы тектес бұдан да басқа атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі айтып берді.Жиында облыс әкімі Тараз қаласындағы бұрын жөнделген көшелердің ортасы түсіп кеткенін, оның ішінде Қойгелді көшесін мысалға ала отырып, осы олқылықтар бұрын тиісті тараптан дұрыс қадағалаудың болмағанының көрінісі екенін тілге тиек етті.– Қазір жылу құбырларын ауыстыру бойынша Тараз қаласының Төле би көшесінде қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы іс аяқталғаннан кейін жолды қайта қалпына келтіру қатаң бақылауға алынсын. Сіз осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Жол және көлік саласы бес саусағыңыздай белгілі. Былтыр 433 жол жөндеу жобасы жоспарланған. Оның ішінде аяқталғанының сапасы қандай, салыстырмалы түрде осыған баға бере аласыз ба?

 

Жиында облыс әкімі өңірде рұқсат етілген орындардың санына өзгерістер енгізу бойынша және олардың тиісті деңгейде жабдықталуына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар қашан аяқталатынын жауаптылардан сұрап, оны екі күнде әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар аптап ыстық басталғанда елдің салқындау үшін өзен-көлдерді жағалайтынын, сондықтан тыйым салынған аймақты қатаң бақылауға алу қажеттігін, қала ішінде, ауыл маңындағы ағын сулардың да ойын балалары үшін қаупі жоғары екенін сөз етіп, аудан, қала әкімдіктері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе жұмыс істеу керектігін еске салды. Суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік үшін тиісті мамандарға арнайы тапсырма берді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ