Қоғам

Заңбұзушылықтар азаймай тұр

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Руслан Шариповтың төрағалығымен департамент жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жиында  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Гүлмира Сейдуалиева мекеме тарапынан  мемлекеттік органдардың қызметіне жүргізілген қашықтықтан мониторингтің қорытындылары бойынша анықтаған заңбұзушылықтар туралы баяндады. – Ағымдағы жылдың өткен кезеңіне жүйе арқылы ұсынылған мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері бойынша барлығы 214 бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тіркеу жұмыстарына қатысты 88 бұзушылық орын алса, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің сақталмауына  қатысты 11 дерек тіркелді.  Сонымен қатар жұмыс уақыты режимінің бұзылуына қатысты 14, дәлелді бас тарту бойынша 80, бас тартудың мерзімдерін сақтау тұрғысында 6 бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек  құжаттар топтамасы толық болмағанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсетуге қатысты 15 дерек есепке алынды.

Байқағанымыздай,  ең көп жіберілетін бұзушылықтардың үлесі тіркеу жұмыстарына қатысты болып отыр.  Одан кейінгі кезекте  мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту бойынша істер тұрса, үшінші орында көрсетілетін  қызмет берушімен мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылуына қатысты деректер тіркелген. Төртінші орында көрсетілетін қызмет берушімен жұмыс уақыты режимінің бұзылуына және құжаттар топтамасы толық болмағанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсетуге қатысты істер тұр, – деген баяндамашы ары қарай орын алған заңбұзушылықтардың қай ауданда, қандай жағдайда болғанын кеңінен атап өтті. Мәселен, «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша Меркі ауданы жер қатынастары бөліміне жүйе арқылы түскен 5 өтініш, Меркі ауданы Жаңатоған ауылдық округі әкімінің аппаратына түскен 6 өтініш, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш, Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш, Талас аудандық жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш бір күнге кешіктіріп тіркеуге алынған. 
Сол сияқты, «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» туралы түскен 7 өтініш 2-4 жұмыс күніне кешіктіріп тіркеуге алынған. Сондай-ақ  Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне түскен 13 өтініш те дәл мерзімінде тіркелмеген. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүйе арқылы түскен 2 өтініш 2 жұмыс күніне кешіктіріп тіркеуге алыныпты.

 

 

 

 


Ал «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрахмет Искаков құрылымдық бөлімшенің атқарып жатқан жұмысы туралы айтты. 
Филиал директорының айтуынша, биылғы 4 айда облыста осы біржолғы төлемді 4 868 ана алған. Сонымен қатар аталған кезеңде облыста 5 908 адам бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемге қол жеткізген. – Жүктілікке және босануға, баланы (балаларды) асырап алуға, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеру барысында  әлеуметтік аударымдардың уақытылы және (немесе) толық түспеуі, міндетті зейнетақы жарналарының аударылған сомаларына сәйкес әлеуметтік аударымдардың төленген сомаларының қызметкердің кірісіне және (немесе) дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары басшыларының кірісіне сәйкес келмеуі сияқты жағдайлар кездеседі.

Бүгінде әлеуметтік желілерде тараған «Декретке миллионмен» деген сияқты көптеген ақпараттың салдарынан кейбір жүкті әйелдер аталған әлеуметтік төлемді көп мөлшерде алу мақсатында түрлі қадамдарға баруда. Өздерінің тұрақты жұмыс орны бола тұра жеке кәсіпкерлік ашып немесе жұмысшы ретінде ЖК-ге тіркеліп, әлеуметтік қатер туындаған айға дейінгі соңғы он екі айға жалған максималды табыс көрсетіп, міндетті төлемдерді бір күнмен аударып әлеуметтік төлемге жүгінетіндер бар.

 

 

Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлесіп, ұсыныстарын білдірді.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА