Инфрақұрылым игілігі - халыққа
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруын елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуінен де аңғаруға болады. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы елді мекендердің көпшілігіне газ құбыры, таза ауызсу жүйесі тартылып, тұрғындар көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Аудандағы 42 елді мекеннің 34-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл аудан халқының 80,9 пайызын құрайды.
Ал Әбілхайыр, Сұмқайты, Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар секілді елді мекендерді кешенді блокты модульдік қондырғы орнату арқылы ауызсумен қамту жоспарланыпты. Өткен жылы Әбілқайыр және Сұмқайты ауылдарына облыстық бюджеттен 76,650 миллион теңге бөлініп, кешенді блокті модульдік қондырғы орнатылған екен.– Биыл қалған Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар елді мекендеріне кешенді блокты модульдік қондырғы орнату үшін аудандық бюджеттен 30,2 миллион теңге және облыстық бюджеттен 90,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстарды жүргізу қолға алынды. Қосымша тиісті су желілерін жүргізуге 39,2 миллион теңге қаржы қажеттігі туындауына байланысты аудандық бюджеттен тағы қаржы қарастырылды. Осылайша жалпы 4 ауылға кешенді блокты модуль орнатуға 160,2 миллион теңге қаржы бөлінді.
Бүгінге аудандағы 35 елді мекеннің 66,6 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылған. Тұрғындар санымен есептегенде көрсеткіш 99,5 пайызға жеткен. Өткен жылы Шолақ-Қайыңды ауылын газдандыруға республикалық бюджеттен 186,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, ауыл толығымен газдандырылыпты. Қорағаты ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында аудандық бюджеттен 22,6 миллион теңге қаржы қаралып, оның жобасын әзірлеуге қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылу үстінде екен.Кезінде ауыл-ауылға газ құбыры тартылғанда кейбір тұрғындар дер кезінде қаражаты болмай, көппен бірге үйіне көгілдір отын кіргізе алмай қалған еді. Жұрттан оқшауланып қалып қойғандар кейін қажетті қаржыны тауып, газ жүйесіне қосылғысы келсе де материалдың қымбаттауы есебінен оған кететін шығын жұмыс құнымен қоса еселеп өсіп, қаржы жетіспеушілігі тұрғындардың қолын байлаған болатын. Бүгінде ауданда мұндай мәселелер шешімін тауып, газ тартылған ауыл тұрғындары түгелдей көгілдір отынның қызығын көріп отыр десе де болады. Одан бөлек бүкіл бір ауылға өз қаражаты есебінен газ құбырын тартып беріп жатқандар баршылық. Соның бірі – «Шәушен» шаруа қожалығы.
Аталған шаруашылықтың демеушілігімен Сұмқайты ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары бүгінде қызу қолға алынғанын айта кетуіміз керек. Бұл ретте аталған шаруа қожалық иесінің әрекеті қарамағындағы адамдарға жұмыс тауып берумен ғана шектелмей, қоғамның мәселесі, оның ішінде Сұмқайты ауылы тұрғындарына ортақ мәселені шешуге ерікті түрде үлес қосуын үлкен азаматтық деп білеміз. Қолында кірі бар мұндай адамдардың айналасына, туған ауылына көмектесіп, жомарттық жасауы маңайында жағымды пікір, қажет болса, қоғамдық ортада ел үлгі аларлық мінез-құлық қалыптастыратыны анық.«Жол азабын тартқан біледі» деген сөз бар қазақта. Әйтсе де ел еңсесі тіктелгелі бері халық ойдым-ойдым шұқыры көп жолдардан, жол азабынан біртіндеп құтыла бастады. 2023 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 98 пайызға жетіпті.
– Аудандағы жолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайы жақсаруына түрлі мемлекеттік бағдарламалар сеп болғанын айта кетуіміз керек. Мысалы, 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 462,8 миллион теңге қаралып, ұзындығы 24 шақырым 20 көше және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы арқылы 15 шақырым 1 аудандық маңызы бар жол жөнделді. Облыстық бюджеттен 171 миллион теңге және аудандық бюджет есебінен 314,7 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде жалпы алғанда 948,5 миллион теңгеге 1 аудандық және 28 көше жолдарының 44,67 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауданның жол саласына биыл да айрықша көңіл бөлініп отыр екен. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 589,6 миллион теңге, аудандық бюджет есебінен 65,5 миллион теңге, барлығы 655,1 миллион теңге қаржы қаралып, 24 көшенің 25,2 шақырымын орташа жөндеу жоспарланыпты. Ауылдық округтер бойынша, атап айтқанда, Құмарықта – 2, Құланда – 5, Қайыңдыда – 2, Ақыртөбеде – 4, Тереңөзекте – 1, Көкдөненде – 4, Қарақыстақта – 1, Жаңатұрмыста – 1, Ақбұлақта – 3, Өрнек ауылында 1 көше жолы орташа жөндеуден өтпек. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, келісімшарт жасалуда.
Нұрым Сырғабаев