Жұртқа үлестірілген жер телімдері игерілуі тиіс
Бүгінде елді мекендердің аумағы кеңейіп, жаңадан салынған тұрғын алқаптарға жол, газ, ауызсу құбыры, электр желісі тартылуда. Бұл мемлекетіміздің, ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға баса көңіл бөлуінің және баспанаға зәру тұрғындарды мемлекет тарапынан бір мәрте тегін берілетін он сотық жер телімімен лайықты қамтуының жемісі.
Алайда бүгінде кейбір елді мекенде тұрғын үй салу үшін инфрақұрылымы тартылған жер телімдерінің пайдаланылмай жатқаны өзекті мәселеге айналып отыр. Баспана салу үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беріп, кезекке тұрғандардың саны жыл сайын артқанымен, жеме-жемге келгенде, берілген жер телімінде жеке тұрғын үй құрылысы баяу жүргізілетіні жасырын емес.Бұрын қандай да бір елді мекенде жер кезегінде тұрғандар алдымен мемлекеттен жер телімін алып, одан кейін баспана салатын. Содан кейін мемлекет халық қоныстанған тұрғын алқапқа жол, электр желісін, су, газ құбырын тартатын. Бір айта кетерлігі, мұндай тұрғын алқаптардағы кейбір жер телімінің иесі ол кезде үйдің іргетасын ғана қалап, оны өз атына аударып алғаннан кейін жер телімін өзге біреуге сатып жіберетін. Осылайша іргетасы ғана қаланып, қолдан-қолға өткен жер теліміне уақытылы үй салынбауы салдарынан көше бойындағы жеке тұрғын үйлердің әр жерден бір бой көтеруі кәрі шалдың тісіндей көзге қораш көрінетін. Тұрғын үй толық түспеген тұрғын алқаптардың халқы да күндер өте келе өркениеттен жырақ күн кешуге төзімі таусылып, «бізде газ, су, жарық жоқ» деген секілді мәселе көтеріп, биліктің есін шығаратын. Осыдан кейін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізіліп, қазіргі жағдайда алдымен тиісті тұрғын алқапқа газ, ауызсу, электр жарығы, жол сияқты инфрақұрылым жүргізілетін болды. Кезегі келгендер әлгі тұрғын алқап бойынша жер учаскесіне уақытша жалдау құқығын беретін қаулы қолына тигеннен кейін сол жерге үш жыл ішінде құрылыс жұмысын жүргізуі шарт. Баспана құрылысы аяқталып, қабылдау актісі құжат бойынша уақытша өтеулі жер иесінің қолына тигеннен кейін ауылдық округ әкімінің шешімімен жер телімі жер иесінің атына заңды түрде аударылады. Осы ретте тарқата айтып өтсек, елімізде 18 жастан асқан кез келген азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін мемлекеттен тегін алу үшін «eGov.kz» порталы арқылы кезекке тұра алады.
Бұл құқыққа Қазақстанның кез келген 18 жастан асқан азаматы ие екені Жер кодексінің 50-бабында атап көрсетілген. Оның атында пәтер, жеке тұрғын үй, жер учаскесі секілді бұрын өз қаржысына алған жылжымайтын мүліктің болуы маңызды емес және жер телімін Қазақстанның кез келген өңірінен ала алады. Дегенмен жер телімін алуға өтініш беруші бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алмаған және жер телімін алуға өтініш берген елді мекенде бос жер телімі болуы тиіс. Біз сөз етіп отырған мәселе өңір азаматтарының осындай заңды құқығы арқылы алған жер телімін көрсетілген мерзім ішінде пайдаланбауына қатысты болып отыр. Үш жыл ішінде тиісті жер теліміне үй салынбаған болса, аталған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, ол өзге жер теліміне мұқтаж кезекте тұрған адамдарға ретімен берілуі керек. Сол үшін үй салынбаған жердің иесі өзін уақытша өтеулі жер пайдаланушы екенін сезініп, ол жерге жеке үй салмаса тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актісі қолына тимейтінін, мұндайда жылдар бойы жер кезегінде тұрып қолы жеткен мүмкіндігінен бір сәтте ажырап қалатынын ескеруі керек. Мұны сөз етіп отырғанымыз, өңірде баспана салуы үшін берілген жер телімдерінің игерілуі биліктің де, БАҚ өкілдерінің де назарында. Өйткені инфрақұрылымы жүргізіліп, бірақ үй салынбаған тұрғын алқаптардағы қараусыз жердің электр желісі, газ тарату қондырғысы секілді көпке ортақ дүниелері тоналған кездер бұрын болған. Сондықтан да халықтың салығы есебінен құралған қаржыға жүргізілетін кез келген жұмыстың сапасында да, оны елдің игі мақсатта пайдалануында да мәселе туындамауы керек.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының да ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мұнда 2014 жылы «Арай» тұрғын алқабының құрылысы басталып, онда кезең-кезеңімен инфрақұрылым жүргізіліп, осыдан үш жыл бұрын тұрғындарға 650 жер телімі үлестірілген еді. Қазір осы тұрғын алқаптағы берілген жер телімінің игерілу деңгейі 12,3-ақ пайыз екен. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қаблет Абдирахмановқа хабарласып, шын мәнінде жағдай қалай болып жатқанын сұраған едік. Оның айтуынша, ауданда елді мекендерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жолға қойылған. «Арай» тұрғын алқабында осыдан екі-үш жыл бұрын 80 пәтерлі 5 қабатты екі тұрғын үй бой көтеріпті. Ел игілігіне ұсынылған осы тұрғын үйлердің тапсырыс берушісі – аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Жобалаушы – «Компания Арыстан Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бірінші тұрғын үйді мердігер «Сырым Блеке» серіктестігі 2021 жылы пайдалануға берсе, екінші тұрғын үйдің құрылысын «Таразстрой-2004» серіктестігі 2021 жылы бастап, 2022 жылы аяқтаған. Нысан құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылыпты. «Арай» тұрғын алқабындағы көпқабатты үйлердің кәріз жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстарына уақытында 52676,0 мың теңге бөлініп, құрылысын жүргізу «Таразстрой-2004» ЖШС-на тапсырылған екен. Осы тұрғын үйлер бүгінде модульдік қазандық арқылы жылытылуда, ал кәріз жүйесі орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Мәселе тек аталған тұрғын алқаптағы халыққа үлестірілген жер учаскесі иелерінің сылбырлығында болып тұр.
Құлан ауылының Бас жоспарындағы екінші кезеңінде 110 гектар 755 жер телімі және үшінші кезеңіндегі 86,67 гектар 530 жер телімі Құлан ауылының солтүстік- батыс бетінде орналасыпты. Аталған жер телімдері шаруа қожалықтардың иелігінде болғандықтан бүгінде алқаптарды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Жер телімдері толық мемлекет меншігіне өткеннен кейін кезекте тұрған тұрғындарға беру үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілмек.Бұдан бөлек Құлан ауылының Бас жоспарына сәйкес бірінші және екінші кезеңдегі тұрғын алқапта аумағы 138 гектарды құрайтын 857 жер телімі бар. Аталған алқапта инфрақұрылым жүйелерінің толық болмауынан жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға таратылмапты. Қазіргі таңда Құлан ауылында жер кезегінде 1 316 адам тұр. Дегенмен мұнда 2019 жылы тасжол құрылысы жүргізіліпті. Мердігері – «Аия-Сервис» ЖШС. 2022 жылы электр желісінің құрылысы жүргізіліпті. Сол жылы ауызсу құбырын тарту бойынша су желісінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары үшін бюджеттік өтінім тапсырылған екен.
Халықты да түсінуге болады. Бүгінде құрылыс материалдарының бағасы шарықтап тұрғандықтан жеке тұрғын үй салу мәселесіне келгенде базбіреулер үшін қысқа жіп күрмеуге келмей жатуы мүмкін. Десе де аудан басшылығы бұл мәселеге бейжай қарамауы қажет. Шаруаны ширату, құрылыс жұмысын жүргізбей жатқан жер телімі иелеріне түсіндіру жұмысын жүргізуден бөлек, халықтың баспанамен қамтылуына да бас ауыртуы керек. Білдей бір тұрғын алқапта үш жыл ішінде бірлі-жарым үй салынбаса мейлі екен. Құрылысы біткен жиырма үйді айтпағанда, 650 жер телімінен 60-ақ үйдің құрылысы жүргізілгені ойланарлық мәселе. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің әкімдігі баспана салуға мұршасы жоқ, бірақ оған мұқтаж азаматтар және тұрғын үй салумен айналысатын жеке компаниялар арасына дәнекерлік жасап, келіссөз жүргізу арқылы аталған жер телімдеріне баспана салып, оны халыққа дайын үй ретінде тарату секілді істің бір амалын қарастыруы қажет-ақ. Несиеге батып, әркім жеке-жеке құрылыс жұмысын жүргізіп, екінші деңгейлі банкке берешек болғанша үй салып берген компанияға тікелей кіріптар болып, әркім төлем қабілетіне қарай компаниямен белгілі бір жылдар аралығында есеп айырысса, әрине, сол пайдалырақ болар еді.
Нұрым Сырғабаев