Денсаулық

Аналардың алғысын арқалаған дәрігер

Акушер-гинеколог Дидар Әбдірамбайды өңірімізде танымайтын адам кемде-кем. Он жылдық еңбек өтілінде талай нәрестенің өмірге келуіне себепші болған кейіпкеріміз қалалық перинаталдық орталықта бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. Әрбір әйелді аман-есен босандырып, ана мен баланың амандығы үшін күресіп жүрген мықты маман.

Қазақы менталитетімізге сай дәрігерді жынысқа бөлу дұрыс емес. Көп жағдайда халық арасында ер гинекологқа, уролог-практолог әйел дәрігерге қаралмай, ұялып жататын оқиғалар аз емес. Босануға келген жас аналар еркек гинекологтан қашқақтап, уақыт өткізіп алатын жағдайлар да кездесіп тұрады. Тіпті «ауруын жасырған өледінің» керін келтіріп, ерлер жағы практолог әйел дәрігерге көрінуді де ұят санайды. Дәрігер – ол маман. Оған тек дәрігер деп қана қарау керек.

 


Мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген Дидар Гиппократ антына адалдық танытып келе жатқанын айтады. «Дәрігер деген арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу керек» деп Гиппократ айтып кеткен екен. Дәрігер мамандығын кез келген адам таңдай бермейді. Жүрегінде түгі бар, әрі жүзінен мейірім төгіліп тұратын адамдар ғана таңдайды» деген кейіпкеріміз жүктілікке байланысты әйелдер арасындағы анемия ауруы туралы кеңінен айтып берді.

 

 

 

Дәрігер мен емделуші әйелдер арасында көзге көрінбейтін сенім бар. Әйелдердің жыныс ауруларына бейжай қарамайтын дәрігер бүгінгі күні босанғаннан кейінгі болатын асқынулармен күресуде. Дәрігер әйел баласының гигиенаны қатаң сақтап, алты айда бір гинекологқа көрініп тұруды ескертеді. Күнделікті күйбең тіршіліктің ырқынан шыға алмай жүре бермей, қыз балалардың өз денсаулықтарына мұқият болуын баса айтты. 

Әйел адам босағаның ұйытқысы әрі берекесі емес пе? Расында ғана оның жан - жағы, отбасы, балалары, ері, туыстары да бақытты болады. Әйел күлсе, әлем күледі. Қадірлі қыз-келіншектер, гинекологиялық тексерістерден өтіп, сынамалар тапсырып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА