Театр ұжымы түрмеде
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің «№58 мекемесі» РММ-де А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Әлімбек Оразбековтың «Соқыр үміт» атты қойылымын сахналады.
Драма оқиғасында отбасында орын алған қиындықтар баяндалады. Қылмыс жасаған үлкен ұлын құтқару үшін өрімдей жас, кенже баласының сотталуына себепкер болған ананың әділетсіздігі үлкен өкінішпен аяқталады.
Оқиға сюжетінде күйеуі бар кезде ештеңеден таршылық көрмеген Ажар күйеуі Алмастың қазасынан кейін қос ұлмен жесір атанып, есеңгіреп қалады. Перзенттерін әбден қиналып жүріп өсіріп, енді жақсылығын көруге асығып жүрген ол кенеттен ауыр тауқыметке тап болады. Үкімет үйінде қызмет істейтін дөкейдің қызына үйленгелі жүрген үлкен ұлы ақшадан қысылып қылмыс жасап, оны кішісі мойнына алып түрмеге қамалады.
Қойылымда кенже баласына жасаған ананың ішкі жан-күйзелісі мен күйігі шынайы суреттелінеді. Көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлдарының ішінен кішісіне жасаған қиянатынан анасының өзегі өртеніп, ішкі ар-ожданы мазалап, берекесі кетеді.
Драма оқиғасының әрбір көрінісі жаңашылдықпен өрілген, шытырман оқиғаға толы. Көрерменді қалың ойға итермелейді.
Драмада - адам санасында үнемі үзілмейтін үміттің кей сәттерде «соқыр», яғни күмәнді, дүдамал болатындығы суреттелінеді. Қандай мәселе туындаса да адамның бойынан әрдайым адами асыл қасиеттердің жоғалмау керектігі туралы терең ой айтылады.
Мекеме қызметкерлері алдағы уақытта осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі тәрбиелік мәні бар іс-шаралар сотталғандардың мінез-құлқын түзетуге оң әсер ететіні сөзсіз.