Қоғам

Әйеліңе «Әй» деп көр!

Әупен учаскелік полиция пунктінде өзінің баласынан да кіші бозөкпе лейтенанттан «сабақ алып» шыға салысымен кісі көзіне түспеуге тырысып, үйдің сыртын айнала бергені сол, «әй» деген дауыстан селк ете қалған. Ту сыртынан естілген дауыс – таныс дауыс. Әупірім көкесінің даусы. Бұрылмасқа амал жоқ.

– Ассалаумағалейкум, көке! – Әупен қалыптасқан әдетпен көкесіне қолын ала жүгірді. – Әліксалам. Әлей болсын, мұнда жай жүрсің бе? – Інісінің сәлемін салқын қабылдаған көкесі бірден тергеуге көшкен. Енді бұл кісінің тергеуі жаңағы ушаскебойдан асып түседі. Құдай қайдан жолықтырды екен өзін. – Жай әншейін. – Әй, кісі мілисада жайдан-жай, әшейін жүрмейді. – Кешегінің адамы ғой, Әупірім полицияны әлі де кеңестік кезеңдегі атауымен атайтын. Сол әдетімен мілиса деп тұр. – Не бірдеңе бүлдіріп қойған, не бүлдіріп қойған біреуге куәлік еткен кісі ғана келеді мұнда. Ал сенің мілисада алты аласы, бес бересің жоқ. Жұмысыңның үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әлде сен зәнталақ ішіп алып... – Қит етсе болды, менің ішетінімді бетіме салық, көжеме қатық қылып, араққа жала жауып шыға келетіндеріңіз-ай осы. Ішкілікке ешқандай қатысы жоқ.

 – Қарашы, мына арақтың адвокатының әзәзіл «жасыл жыланды» жақтап жаны шығып бара жатқанын. Хош, араққа қатысы жоқ делік. Әлде балалар білместікпен бұзақылық жасап... – Жо-жоқ! Біздің балалар тәртіпті екенін білесіз ғой өзіңіз де. – Әупеннің бүгежектегені сонша, Әупірім ағасының алдында жапырақтай қалтырап әрең тұр. – Әкесі өлгенді де естіртеді, айт ендеше не болғанын! – Ке... келініңіз... – Әупен кекештеніп қалғандай. – Е, келінге не болыпты? – Соған қаттырақ сөйлеп қойып... – Немене? Әйелге қаттырақ сөйлеп қойғаны үшін де мілисаға шақыратын болған ба? Әупірім бұл сұрақты таңдана қойған. Түрі інісіне жаны ашығандай сыңайда. – Солай екен ғой. Отбасылық зорлық-зомбылық дей ме-ау. Әйтеуір, сондай бірдеңе. – Әупен мұрнының астынан міңгірледі. – Әйелге зәбір көрсетіп, балаларын ұлардай шулатып, отбасының берекесін қашыратын басбұзарларды бұғалықтауға арналған ондай заң керек те. Сен иттің ондай мінезіңді байқамаппын. Ішіп келсең мойның иініңнің ішіне кетіп, үн-түн жоқ, інге кіргендей ішкі үйге зытатыныңды көрдік қой талай.


– Ой, көке-ай, сіз де айтады екенсіз. Дұрыс жүрмей, бұрыс кеткен жайым жоқ. Ұрттағандағы мінезім өзіңізге мәлім, менен жуас адам таппайсың. – Сен өйтіп ақталма. Арақ ішкен адам – жақсы адам емес бәрібір. Келін де сенің жай ғана «әй» дегеніңе шаптығып, мілиса шақыра бермейтін шығар? – Көкесі әлі де күмәнді. Әупен не деп ақталсын, қалай деп түсіндірсін енді. Онда да көкесі түсіне қойса жақсы. Әйтпесе қазір үйде бала туғаннан басқасының бәрін жасап-ақ жүр. Баланы да туа салар еді, оған жасы да өтіп кетті ғой. Оның үстіне Құдай еркек етіп жаратып, бала тууды нәсіп етпепті бұл пақырға. Бұдан гөрі әйел болып, баланы бірінен кейін бірін ытқытып отырғаны мың есе артық еді-ау. Ғайыптан тайып солай бола қалған жағдайда, Әупен байына зәбір көрсетпес еді. Шариғатта айтылғандай, еркегін пірім деп санап, алдынан кесіп өтпес еді, айтқанын екі етпес еді.

Әттең... Осылай ой орманына еніп кеткен Әупен бір сәт елең етіп оянып, төбесінен төніп тұрған көкесінің иін жұмсартудың жолын іздеді. О, міне, жол табылғандай. Көкесіне Толымбектен естіген бір анекдотын айтып берсе, мүмкін, ақылға келер.Әупен көкесінің сұраған-сұрамағанына, тыңдаған-тыңдамағанына қарамастан әңгімесін бастай жөнелген. ...Бір торқалы тойда еріккен асаба соқталдай-соқталдай «менмін» деген он еркекті ортаға шығарыпты да: «Егер де кімде-кім әйелінен қорқатын болса, 3 қадам алға. Әйелінен қорықпайтын еркек орнында қалсын», – деп шарт қойыпты.

Ортаға шыққан еркектердің бәрі де үйленген, осы тойға Құдай қосқан қосақтарымен қолтықтасып келгенін айтып жатудың өзі артық бұл жерде.Мықтымсып тұрған еркектердің 9-ы мына сөзді естісімен-ақ, ә дегеннен 3 емес, 5 қадам аттап кеткен ғой алға. Бір еркек тапжылмай орнында тұр қаққан қазықтай.Журналистердің де жүрмейтін жері жоқ, сол тойда да асай-мүсейлерін арқалаған біраз тілшілер жүр екен. Олар тойға арнайы шақырылған құрметті қонақтар ма, әлде той иесінің мақтангершілік үшін шақырған журналистері ме, кім білсін?! Табан астында бәрі де әлгі әйелінен қорықпайтын еркектің қасынан табылған ғой.

Мынау – журналистер үшін таптырмайтын жаңалық. Сенсация! Мына заманда, мына матриархатқа (матриархат – әйелдер патшалығы) айналып бара жатқан қоғамда әйелінен қорықпайтын еркек бар екен-ау, о тоба?! Мұндай мүмкіндікті жіберіп алған журналист журналист пе?!  – Ағай, сіз шынымен де әйеліңізден қорықпайсыз ба? – Ағай, сіздің өзгелер секілді алға аттап кетпей, орныңызда тұрып қалуыңыздың себебі неде? – Ағай, сіз... – Ағай, сіз...Әлгі еркек міз бағар емес. Журналистерден жаңбырдай жауған сұрақтар жауапсыз.Япырмай, мына заманның «батырын» қалай сөйлетуге болады? Қалайда сөйлету керек. Талай-талай тарландардан, сыр ашпас сабаздардан сұхбат алып жүрген тісқаққан журналистер қойсын ба жанын. Ақыры тапты-ау амалын. Аға газеттердің бірінің жолтапқыш тілшісі: – Егер осы сұраққа шынайы жауап берсеңіз, сізге редакция атынан қомақты сыйлық бар, – деп салғаны. Сонда орталау тұстағы үстелдердің бірінде отырған әйеліне қайта-қайта қарағыштап тұрған еркегіміз елпең ете қалмаса да «қоймадыңдар ғой» деген сыңай танытқансып: «Әйелім осы тойға келе жатқанда «менің рұқсатымсыз бір қадам алға не артқа бассаң, шаруа бітті!» деген. Менің бір орында тапжылмай тұруымның сыры – осы», – депті ғой құпияның құлпын ашып.Әй, дәу де болса, әлгі жауапты әйелінің рұқсатымен берді-ау сол сабаз. Әйелі отырған жаққа жаутаңдап қарай берісі де жаман еді. Редакцияның қомақты сыйлығына қызыққан әйелі елеусіздеу қасын қаққан сияқты ма, қалай өзі.Осыған қарағанда әйелінен қорықпайтын еркек жоқ па деймін мына заманда.Әупеннің әй-шайға қарамай бастап кеткен анекдотын амалсыз аяғына дейін тыңдаған көкесі бір сәт ойланып қалғандай.

– Енді «қатынды бастан, баланы жастан» деген мәйекті мәтел халқымызда бұрыннан бар ғой. Мына кісі әйелінің тізгінін әу бастан бостау ұстаған біреу да. Мүмкін, тойдың шырқын бұзғысы келмеген шығар ол шіркін? Үйге барғанда тәртіпке шақыра жатады да әйелін.Әупірім көкесінің бар айтқан уәжі – осы. Басқа не дей қойсын. Есесіне Әупен енді-енді оталып келе жатқандай. Әлгісі әңгіменің әлқиссасы екен. Негізгі айтарын айтуға аузы жыбырлап келе жатыр. Енді оны тоқтату қиын. Амал жоқ, көкесі құлағын тоса берген.– Көке, сіздің бұл болжамыңыз – бос сөз. Үйге барған соң «тәртіпке шақыру» былай тұрсын, отбасылық құпияны ашып, сырды шашып қойғаны үшін еркегі жазаға ұшырауы кәдік.– Ойбай-ау, шындықты жайып салуға «сигнал» берген әйелінің өзі емес пе?! 
– Ол – қомақты сыйлық үшін жасалған қитұрқы әрекет. Хамелеон деген аң ба, жәндік пе, бірдеңе бар. Қазақшасы – құбылма. Қазіргі әйелдер – сондай құбылма. Үйде еркегін езгіге салғанда бәледей, былайғы жұртқа зарын айтып егілгенде өзің де қосыла жылағың келіп кетеді. Содан соң еңірегенде етегі толған әйелдердің зарына еліткен ел-жұрт та, өкімет те солардың жағында. Еркекті әйелінің алдына тізерлетіп отырғызып қояды.– Бұл сұмдық қой! Қайдан шыққан пәле өзі?!– Бұл пәленің басы қазақ жерінде Кеңес өкіметінің орнауынан басталған. Сол өкімет «шашы – ұзын, ақылы – қысқа» бейбақтарды «әйел теңдігі» деген ұранмен улады. Бетпақтары тіпті ұшынып кетті.

Әйтпесе оған дейінгі феодалдық қоғамда әйелдер әр отбасының берекесін кіргізіп, ұрпағын өргізіп тып-тыныш өмір сүріп жатпады ма. Сол кезде ақылды аналарымыз берісі ауылды, арысы аймақты аузына қаратып, елді жылқыдай жусатып, қойдай өргізіп басқарған. Бірақ солардың барлығы да еркекті пір санаған. Әр шаңырақта отағасының айтқаны – заң, оны орындау міндет болған. Сол тәртіппен-ақ қазақ өсіп-өніп, өркен жайған. Кеңес өкіметі келді де ұзын етектілерді ұяттан бездіріп, қолтықтарына су бүркіп, қайдағы бір құқықтарын қозғап қоздырып жіберді. Оның үстіне «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, Жамбыл бабамыз «әйел, теңсің праваң, сен ал деген – осы заң» деп Конституцияны мадақтап, маздаққа май құйып лаулатты дейсің. Құрғап тұрған қауға тигендей сол оттың өршігені сонша, өшіруге бой бермейтін жағдайға жеткен.

Енді келіп қазіргі заң әйелге еркекті есек қылып ерттеп беріп отыр. Ішіңізден «сәл артықтау кеттің-ау» деп отырған шығарсыз. Артық айтқан түгім де жоқ. Ащы болса да, тәтті болса да шындық – осы.Ақылы асқанды аға деп сыйлаған қазақ аузы дуалы, сөзі уәлі аналарымызды алақанда аялаған. Әйелді ұрпақ сабақтастығының алтын тамыры – ана ретінде сыйлаған. Әсіресе қызға деген құрметі жоғары әрі ерекше.Қыздың орны – төр.Ер-азамат әйелдердің қамқоры саналған. Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, еркек отбасын асырауға, қорғауға, ал әйел ұрпақ өрбітіп, шаңырақты ұстауға міндеттелген. Қазір қазақи осы заңдылық бұзылған. Быт-шыты шыққан. Ақтамай-ақ та, жақтамай-ақ та қояйын, бұлай бүлінуде «жасыл жылан» арақтың да үлесі зор.

Мен еркектерді әйеліне «әй» дей алмайтындай, баласына «қой» дей алмайтындай ез халге жеткізген қазіргі заңға наразымын. Ойбай-ау, оны айтасың, үйде дауысың қаттырақ шыққанын құлағы шалып қалған көршің хабарлай қойса, полицияның шаш ал десе, бас алатын әпербақандары қолыңа кісен салуға дайын.Осындай-осындайды ойлағанда екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткің келеді. Басына түспегендер сенің ондай тірлігіңді қиындықтан қашқан оңбағанның ісіне баламаса, мұрнымды кесіп берейін. Сондықтан...Көкесі білмейді екен, Әупен сөйлегенде әр сөзін шегелей түсетін шешеннің өзі екен ғой. Іште шемендей қатқан шерін тарқатқан сайын жаны жай тапқандай маңдайы жіпсиін деген сияқты. – Иә, сондықтан не істеу керек? – Сондықтан еркектердің құқығын қорғайтын заң шығару керек. – Оу, сосын кейбір елірмелер едіреңдеп кетпей ме? – Заңның шеңберінен шығып кетсе, өз обалдары өздеріне. Ол заң басбұзарларды қорғамай-ақ қойсын. Тек әйелдердің езгісінде жүрген еркектерді қорлықтан құтқарса болды.

– Мынауың заң шығарушыларға қиындау соқпай ма? – Е-е-е, заңның небір түрін шығарып жатқан Парламентте отырған «ойшылдар» келтіреді де қисынын. Онда отырғандардың да басым көпшілігі еркектер емес пе? «Бөріктінің намысы бір» деген мақалды білетін шығар олар да. Оның үстіне өздеріне де, болашақ ұрпақтарына да жақсы. – Айтқаның келсін, ондай атты күн қайда? Сен бірақ өзің айтқан Парламенттегі «ойшылдар» ойланып, қисынын келтіргенше келіннің айтқанына көне салсай. Басыңдағы бөркің орнында, ешкім басыңа орамал салып жатқан жоқ қой.Байқаймын, көкем келініне бұрып бара жатыр бәрібір. Соған қарағанда, өзі де жеңешемнің жетегінде сияқты ма қалай?– Шыдағаннан басқа амал болмай тұр ғой, көке-ау!
Әйеліне «әй» деуге құқығы да, шамасы да жоқ Әупен басқа не десін. Әйтеуір, Әупірім көкесіне қазір «Жасасын әйелдер!» заманы салтанат құрып тұрғанын жеткізіп, бір жеңілдеп қалған сыңайлы.

Болат Жаппарұлы,
ардагер журналист,
сатирик