Брифинг

Оқушылардың қауіпсіздігі қатаң бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлы мен облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Алишер Қалышевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Брифингте «Соңғы қоңырау» салтанатын ұйымдастыру және өткізу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
2023-2024 оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Биылғы оқу жылында өңіріміздегі 498 мектепті 248 мыңнан аса оқушы аяқтайды. Оның 12 мыңнан астамы мектеп түлектері. 
24 мамыр күні барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған «Білімім – Отаныма!» жалпыреспубликалық бірыңғай тәрбие сағаттары өтеді. 25 мамыр күні сағат 9:30-да мектеп бітіруші түлектер үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылады. Салтанатты іс-шара мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен өткізіледі. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітірушілер үшін салтанатты іс-шараны міндетті түрде мектепте өткізу міндеттеледі.

– Әр мектепке салтанатты іс-шараны креативті идеялармен ерекше форматта өткізу ұсынылады. Мысалы, 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың фотоларынан слайд әзірлеп көрсету, бір-біріне арнау, тілек айту, ұстаздар мен білім ұясына алғыс әнін орындау, өлең оқу, ата-аналарына 11 жыл бойы алған өнер-білімдерін көрсету секілді барынша жүректен жүрекке жетер креативті идеялармен өткізсе болады. 

Мерекелік іс-шараға аниматорларды, арнайы агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып қала ішінде экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлық ретінде қаражат жинауға рұқсат етілмейтінін қатаң ескертеміз. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 24-25 мамыр күндері іс-шараларды өткізу туралы ұсынымы білім мекемелеріне таратылды. Балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналысы өтіп, ата-аналар чаттарына жадынамалар жолданды. 

Сонымен қатар іс-шараларды өткізу барысында ата-аналар тарапынан жауапкершілік танытудың маңыздылығын есте сақтауды сұраймыз, – деді Мұхит Аманқұлұлы.
Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен барлық мектептерде жол қауіпсіздігінің және жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кезекшіліктер ұйымдастырылады. Бүгінде ювеналдық полиция қызметкерлері білім бөлімінің мамандарымен бірлесіп ата-аналарға жазғы уақытта кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың жолын кесу, «Соңғы қоңырау» іс-шарасында жол-көлік оқиғаларын болдырмау (кортеж) мақсатында профилактикалық түсіндірме жиналыстар өткізуде.

Брифингте баяндама жасаған Алишер Қалышев «Соңғы қоңырау» салтанатын қауіпсіз өткізу үшін 670 полиция қызметкері, 247 автокөлік жұмылдырылатынын атап өтті. 
– 25 мамырда облысымыздың барлық мектебінде оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өтеді. Аталған іс-шараға байланысты облыстық полиция департаменті тарапынан полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқарады.

Әрбір оқу орнына полиция бөлімдері басшылығы қатарынан жауапты тұлғалар, ювеналды полиция мен учаскелік полиция инспекторлары аумақ бойынша бекітілді. Салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды.«Соңғы қоныраудың» салтанатты бөлігінен кейін «Өз құқықтарын білуге қабілеттілігі», «Жеке және жол қауіпсіздігін сақтау», «Назар аударыңыз – бағдаршам», «Танымайтын тұлғалармен кездесу кезінде оқушының мінез-құлқының ережелері», «Кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әкімшілік жауапкершілігі» және басқа да құқықтық тақырыпта сұхбаттар мен сабақтар ұйымдастырылады.Одан бөлек қала мен аудандық полиция бөлімдері басшылығы тарапынан оқушылар мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру жөнінде кездесулер өткізіледі.

Айжан Өзбекова