Мамандық таңдаудан мүлт кетпе, жас түлек!
Өмірлік жолыңды қалыптастыратын мамандықты дұрыс таңдау – өте маңызды мәселе. Дегенмен көп түлектің әрбір адамның өміріндегі жауапты сәт саналатын мамандық таңдауға немқұрайды қарайтынын жоққа шығаруға болмайды.
«Диплом алсам болды» деген оймен немесе ата-анасының, басқа да адамдардың ықпалымен атын естімеген мамандыққа түсе салатын мектеп бітірушілер аз емес. Сол себепті де кей жастарымыз студент атанған шақта осы мамандыққа біреудің айтуымен, амал жоқтықтан түсіп едім деп қынжылып отырады.
Есте жоқ ерте заманда адам қабілетінің сыншысы ретінде қызмет атқаратын мамандар болған екен. Қарапайым халық әлгі мамандарға өздерінің жасөспірім немесе кішкентай балаларын апаратын болған. Сыншылар адамның дене бітіміне, көзі мен құлағы қалай орналасқанына, қол мен аяқтың қалай біткеніне қарап, ептілігі мен қозғалысын бағамдап, қандай кәсіп түріне икемді болатынын, болашақта қандай маман боларын болжап береді екен.
Сонымен қатар баласының бір емес, бірнеше өнер түріне қабілеті барын байқаған ата-ана «әхли фәриси» деп аталатын мамандарға көрсетіп, қай саланы таңдау бойынша кеңес алады екен. Сол секілді баласының қай мамандыққа қыры барын білмей, болашақ мамандығын таңдай алмай басы қатып жүргендерге профориентолог мамандар көмектеседі. Бірақ мұндай мамандар елімізде көп емес, саусақпен санарлықтай ғана. Профориентологтар оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса, тест те алады. Қызметі – ақылы.
Сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық басады. Қазіргі уақытта өзгеретін мамандықтардың басым бөлігі сұранысқа ие. Дегенмен олардың өзектілігін сақтау үшін мамандарға жаңа техника мен дағдыларды игеру қажет. Мамандықтардың атауы өзгермегенімен мамандық ішіндегі біліктілік талаптарының деңгейінде біршама жаңартулар болады. Алайда бұл цифрландырудың дамуы қол және ақыл-ой еңбегі мамандарының азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Және бухгалтер, аудармашы, кітапханашы, турагент, даяшы сынды кей мамандықтардың біртіндеп жойылуына әкеліп соғуы ықтимал.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні елімізде өнеркәсіп, құрылыс, көлік салаларында мамандар жетіспейді. Бірақ сарапшылар маман жетіспеушілігі жоғарыда аталған салаларда ғана емес, өзге де салаларда бар екенін айтады. Сондықтан мамандық таңдауда, ең бастысы – сіздің бейімділіктеріңізді, қабілеттеріңізді және қызығушылықтарыңызды, сондай-ақ таңдаған мамандыққа еңбек нарығындағы сұранысты ескеру маңызды.